Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қамданған қапы қалмайды

Қамданған қапы қалмайды

Күз ызғары байқала бастаған сәтте жылда ауданда жылу маусымына дайындық күшейе түседі. Әдеттегідей биыл да аудан әкімі Мұрат Ергешбаев күн қаһарына мінбей тұрып, жылу беруді ұйымдастыратын штаб құруға пәрмен берген еді. Соған сай аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің кірісуімен 160 нысан дайындық жұмысына білек сыбана кірісіп кетті. Ондағы мамандар бүгінде әлеуметтік нысандармен қатар тұрғындарға қыстық отынды қолжетімді ету үшін тиісті жұмыс істеліп жатқанын мәлімдеді.
Негізінен биыл орташа есеп бойынша 23 мың тонна қатты отын қажет. Салыстыру үшін былтыр бұл көрсеткіш 38 мың тоннаға есептелгенін айта кеткен жөн. Бұл жергілікті тұрғындардың көгілдір отын игілігін көптеп көре бастағанының көрінісі болса керек. Мәселен, 2018 жылдың қыркүйек айында Әйтеке би кентіндегі 8132 тұрғын үйдің 5190-ы газ желісіне қосылса, 2019 жылдың сол айында 6250 үйге табиғи газ кіргізілген. Ал бүгінгі күні кенттегі тұрғын үйлердің 85 проценті көгілдір отын игілігін көріп отыр. Сонымен бірге бірер ай бұрын басталған Ғ. Мұратбаев ауылындағы 280-нен астам тұрғын үйге газ желісі кіргізілер болса, қатты отынға деген сұраныс мүлде азаятыны белгілі. Бұл ауданның жылу маусымына байланысты қиындығын біржола шешіп ­тастайды десек қателеспейміз.
Аталған 23 мың тонна қатты отынның 5 мыңға жуығы әлеуметтік нысандарға, қалған 18 200 тоннасы халық сұранысына сай бөлінген. Сондай-ақ 2500 тоннасын жанар-жағар май мекемелеріне жеткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде Қазалыға 20 вагон көмір жеткізілді.
Осы тұста жылу жүйесіне қосылған нысандардың қысқа әзірлігі жақсы деңгейде шешіліп тұрғанын айта кетейік. Мәселеге жауаптылар даланы қырау басқанша кенттегі Үмбет би №8,11, Жанқожа батыр көшесіндегі №143,145 көппәтерлі үйді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосып береміз деп уәде бергені тағы бар. Жалпы алғанда «Қазалы-Теміржолжылу» филиалы арқылы 66 көпқабатты, 194 жеке тұрғын үй және 100 мекеме орталықтандырылған жылудың игілігінен құр қалмақ емес.
Қатты отынға байланысты жағдайды тарқатып айта кетсек, бүгінде аудандағы 6 көмір сақтау-тарату қоймаларында 500 тоннадан астам отын қоры сақтаулы. Оның ішінде «Тоғыс-Аралотын» серіктестігінде 320, «Қазалы Отында» 80, жеке кәсіпкер «Жалмағанбетова З.А.» қоймасында 100 тонна көмір бар. Мамандар бұл көлем алғашқы сұранысты қамтамасыз етуге толықтай жеткілікті екенін айтады.
Былтыр қатты отын бағасына байланысты біраз шу көтерілгені жасырын емес. Қиындық аудан әкімінің араласуымен, аудандық салық басқармасының ықпалы арқылы шешілгенін де жұртшылық жақсы біледі. Бұдан соң ағаш көмір бағасы 16500-17000, тас көмірдің тоннасы 12500 теңгеге тұрақтаған болатын. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі биыл да көмір бағасын жүйелі бақылауға алып, жеткізуші кәсіпкерлермен меморандумға келуді көздеп отыр. Бөлім мамандары сондай-ақ энергия өндіруші, оны таратушы ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алумен қазірдің өзінде қызу айналысуда. Бұл қыркүйектің соңына дейін мәресіне жетпек.
Жылу маусымына дайындық туралы сөз қозғалғанда алдымен денсаулық сақтау саласы мен білім беру мекемелері ойға оралады. Өйткені балалар мен науқас жандардың жағдайы әрдайым бірінші орында тұрады. Осыған сай биыл аталған бөлімдер мен мәдениет және спорт салаларында отын қорын жасақтауға барлығы 800 миллионға жуық қаржы қаралған. Оның 280,5 млн теңгесі 61 білім беру мекемелеріне қарастырылған. Қазан айының ортасы мен желтоқсанның соңына дейінгі аралықты қамтитын жылу берудің бірінші кезеңі үшін сұйық отынмен жылытылатын 23 мектепке 836,6 тонна отын алу көзделіп, мемлекеттік сатып алу жүргізілуде. Газбен жылытылатын тағы 5 нысанға – 9 миллион теңгеге жуық қаражат қаралған. Бұл іспен «ҚазТрансГазАймақ» мекемесі айналысады. Сонымен қатар ТЭЦ-ке қосылған 7 мекемені жылумен қамту үшін «Қазалы-теміржолжылу» серіктестігімен шарт жасалған. Бұдан бөлек қатты отынмен жылытылатын 6 нысанның мердігері ретінде «Қазалы Отын» мекемесі анықталды.
Жұмыспен қамтудың жол картасы асында кейбір білім беру ошақтарының жылу жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ №226 гимназия мен №165 орта мектеп күрделі, №17, №70, №88, №96, №100, №190 мектеп пен «Шағала» балаларды сауықтыру орталығы ағымдағы жөндеу көреді. «Ауыл – ел бесігі» жобасымен Бекарыстан бидегі №24 орта мектепті де талапқа сай ету үшін қомақты қаржы қарастырылған. Кенттегі №276 мектептің жылу жүйесі газ отынына бейімделуде. Құны 22,2 миллион теңгені құрайтын жобаны «Жылу-ХХІ» серіктестігі қыс түскенше пайдалануға беретін болады.
Денсаулық сақтау саласына қарасты 35 мекеме қысқы суыққа сақадай сай. Бұлардың арасында сұйық отынға – 6, қатты отынға – 24, табиғи газға – 2, орталықтандырылған жылу жүйесіне – 3 нысан тәуелді. Бұлардың мәселесін шешу үшін 65 миллион теңгеге “ҚазМұнайГазбен” келісім жасалды. Орталықтандырылған жылу жүйесі мен көгілдір отын жеткізуші мекемелер де алдағы маусымға осы бастан қам жасауда.
Денсаулық сақтау саласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ауданаралық ауруханаға қарасты 14 мекеме қалыпқа келтірілді. Осы жылы аудандық аурухана ғимараты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасының тапсырысымен мемлекеттік және жеке меншік әріптестік аясында газ отынына бейімделгенінің өзі игілікті іс болып тұр.
Айта кетейік, аудандық мәдениет саласына қарасты жеке ғимаратта орналасқан 33 ғимарат пен спорт бөлімінің 6 мекемесі де көштен қалмай, қыстың қамына кірісіп кетті.

Р.ҚАЙРАТҰЛЫ
29 тамыз 2020 ж. 748 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 78

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 71

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930