Үздік оқырман отбасы
Жақында осындай тақырыпта Ж.Жабаев атындағы №234 мектептің кітапханасында байқау ұйымдастырылды. Онда кітапханашылар Мира Садық пен Жания Жеткербайдың мұрындық болуымен «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында өткізілген отбасылық сайыста ата-аналар мен олардың балалары өзара бақ сынасты.
Байқаудың мақсаты – қазақ халық ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрді жаңғыртып, ұрпақ сабақтастығын жалғастыру. Сонымен қатар, отбасылық құндылықты терең түсіндіріп, жанұя Отанның бір бөлшегі екендігін ұғындыру.
Сонымен бірге, оқушыларды ынтымақ пен бірлікке, татулық пен ұйымшылдыққа тәрбиелеуді діттеді. Балаларда кітап оқу дағдысын қалыптастырып, әрбір туындылардың рухани маңыздылығын жеткізуді көздеді.
Білім ордасындағы жасөскіндердің кітап оқу белсенділігін дамытып, мектептегі үздік оқырман отбасын анықтауды міндет тұтқан ұйымдастырушылар кемелді кеңеске толы туындылардың арқасында сапалы ілім алуға көмектесті. Бағыт-бағдар берді. Сондай-ақ, әрбір жасөспірімнің көркем әдебиетке деген қызығушылығын оятты.
Жарыста бір-бірімен интеллектуалдық жағынан сайысқа түскен қатысушы отбасылар 5 шарт бойынша сынға түсті.
Атап айтқанда, «Кітап және менің отбасым» бейнебаянын әзірлеп, әділ қазылар назарына ұсыну талап етілді. «Отбасымыздың сүйікті кітабы» сахналық көрініс қою шарт бойынша сұралды. «Ерте, ерте, ертеде» желісімен ертегі құрастыру талабы болды.
Бұған қоса, «Білімнің көзі кітапта» сұрақ-жауап кезеңінен мүдірмей өту мен «Отбасы шығармашылығы» поэзия жанры бойынша білімдері сыналды.
Байқауға мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рақымжан Кемаладин, қосымша білім беру маманы Мейрамбек Дәкібаев пен сарапшы Эльмира Құрманәлі әділ қазылық етті.
Нәтижесінде жан-жақтылығымен ерекшеленген Қаратай отбасы бірінші орынды жеңіп алса, Жақсылықовтар жанұясы екінші орынды иемденді. Ал үшінші орынды Әлекеевтер әулеті қанағат тұтты.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА