Қызылордада «Мәншүк маршы» атты шеру өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында Сыр өңіріндегі техникалық және кәсіптік оқу орындарында білім алып жатқан студент қыздардан жасақталған «Мәншүк маршы» патриоттық шеруі өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш шеру өткен жылдан бері Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда жоғары педагогикалық колледжінің бастамасымен қолға алынып келеді. Ол Мәншүк Мәметованың 95 жылдығына арналған еді. Ұрпаққа ұлағат сыйлайтын шеруге облыстық білім, ішкі саясат, жастар саясаты басқармалары мен қала әкімдігі қолдау білдіріп отыр.
Шеру үстіміздегі жылдан «Жастық жалыным - Мәңгілік елге» тақырыбында Отан қорғушы күні мен Жеңіс күні мерекесі қарсаңында дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын болды. Биыл шеруге жалпы саны 450 адамнан құралған арнайы топтар қатысты. Олардың қатарында студент және әскери қызметші қыздар бар.
Колонна ең алдымен Мәншүк ескерткішіне гүл шоғын қоюдан бастау алды. Одан кейін Қорқыт ата көшесін бойлай жүріп Желтоқсан және Толыбаев көшелері арқылы жалғасты. Шеру «Тағзым» алаңы аумағындағы мәңгілік алау маңында мәресіне жетті. Салтанатты шара соғыс ардагерлері, облыс және қала әкімдігі, облыстық мәслихат, «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалы басшылығы мен қала жастарының қатысуымен өткен арнайы бағдарламаға ұласты.
Онда Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің өнерпаз жастары мен «Япурай» хор ұжымы дайындаған концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.
Шара барысында Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының Ұлттық Ұлан №55-47 әскери бөлімінің жауынгерлері әскери қимылдарын көрсетті.
Әділжан Үмбет
inform.kz