Қажылық сапар құны арзандай ма?
Бас мүфти Сауд Арабия Корольдігінің Қажылық және ұмра министрімен кездесті. Қажылық сапардың қолжетімділігі. Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сауд Арабия Корольдігінің Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиамен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Басқосуда парыз сапарын сапалы ұйымдастыру мәселелері сөз болды. Кездесуде Бас мүфти қазақстандық қажыларға қолайлы жағдай жасау үшін министрге өз ұсыныстарын жеткізді.
«Елімізден баратын қажыларымыздың және ұмраға баратын біздің жерлестеріміздің сол қажылық парызын өтеуде, ұмраға барып құлшылығын өтеу кезіндегі сапасын арттыру жөнінде мәселелерді талқыладық. Соның ішінде сапардың арзан болуы. Бүгін осы мәселелер талқыланды. Оның бірнеше жолы ұсынылды», – деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы.
Саудия патшалығының министрі өз тарапынан бұл бағытта жұмыс істейміз деп уағдаласқан екен. Сондай-ақ келіссөз кезінде қазақстандық туризмді дамыту бойынша біршама келісім жасалды.
«Дархан дала» атты арнайы турфирманы ашқан болатынбыз. Туристерді Қазақстанға жан-жақтан алып келіп, еліміздегі әсем табиғатты көрсету үшін және киелі орындарды насихаттау үшін сондай арнайы жобаны қолға алғанбыз. Жоба аясында Саудиядан келетін қонақтарға да насихаттайтын боламыз. Осы мәселелер бүгінгі кездесуде айтылды», – деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы.