Арқа төріндегі жәрмеңке
10 -11 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында "Астана Арена" спорттық кешенінің жанында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. Шараға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек пен Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов арнайы барып қатысты.
Жәрмеңкеде аймақта өндірілетін отандық өнімдерді қолдау мақсатында арнайы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылған.
Сырдың дихандары мен кәсіпорындары 50 жүк автокөлігімен жалпы құны 200 млн. теңгені құрайтын 500 тоннадан астам өнім түрлерін елордаға жеткізді. Оның ішінде 100 тонна күріш, 15 тонна ет және 30 тонна балық өнімдері, 80 тонна көкөніс пен жеміс - жидектер, 210 тонна бақша өнімдері, 50 тонна асқабақ,
3 тонна ас тұзы, 10 тонна сүт өнімдері, 5 тоннаға жуық кондитер өнімдефрі қойылған.
Жәрмеңкеге келушілер Қызылорда облысының брендіне айналған ақ күріші мен балығын, ас тұзы, қауыны мен қарбызын қызығушылықпен алып жатыр. Ал, Сыр Елінен келген өнерпаздар әннен шашу шашып, елордалықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда.
Жәрмеңке аясында Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасымен қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттерін таратты.
“Аймақтың аграрлық саласы ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Жалпы, биылғы жылы 188,5 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, оның ішінде дәнді дақылдар - 91,7 мың гектарды, майлы дақылдар - 5,9 мың гектарды, мал азықтық дақылдар - 71,3 мың гектарды, картоп, көкөніс, бақша – 19,6 мың гектарды, негізгі дақыл күріштің көлемі 78,6 мың гектарды құрады. Қазір Сыр елінде күрішке орақ салынып, егін жинау науқаны қарқынды жүруде. Сондай-ақ, облыста 228,4 мың тонна картоп, көкөніс, бақша және 20,6 мың тонна ет, 50,2 мың тонна сүт өндіріліп отыр. Міне бүгін өңір шаруаларының өндірген өнімдерін Елорда жұртына әкеліп отырмыз”, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов.
Бүгінде Сыр елінің ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 20 мемлекетіне экспортталуда.
Экспортталған өнімнің 91,8 пайызы облыстың негізгі дақылы - күріш өнімі болса, бұл өнімдер Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Моңғол мемлекеті, Тәжікстан, Түркмения, Украина, Грузия, Литва, Түркия және Ирак мемлекеттеріне жөнелтілуде.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат