Туған жерге төсіндегі тағылым
Туып-өскен өлкеге еңбегімен елеулі болған азаматтар аз емес. Олар туған жерге, туған елге қызмет етудің бірегей жолы – адал еңбек деп біледі. Елжандылықтың тамыры – кіндік қаны тамған жерді, өскен өлкені сүю, оған құрмет таныта білу. Осындай ұстанымдағы қазалылықтар жуырда тағы бір мәрте ұйымшылдықтың озық үлгісін көрсетті.
Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектепті әр жылдары бітірген азаматтардың ұйымдастыруымен «Мектебім – Ақмешіттей қасиетті, сенен алдым өнеге мен өсиетті» атты ауқымды шара Әйтеке би кентінде кіші футболдан аудандық жарыспен басталды. «Туған жерге тағзым» аясында ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап арнайы қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында Мұхтар Әуесұлы құттықтау сөз сөйлеп, мазмұнды шараның елдің ауызбіршілігі мен берекесін сақтауда маңызы зор екенін атап өтті.
– Жалпы қазақы қаймағы бұзылмаған, бір-бірімен тату-тәтті, ынтымағы мен берекесі жарасқан жерде тұратын тұрғындардың бірлігі бекем, тірлігі тиянақты болады. Оған бүгін біздің көзіміз анық жеткендей. Атақты академик Қ.Сәтбаев атындағы мектепте білім алып, еліміздің өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосқан азаматтар туған жерге жиналып, ұлағатты шара ұйымдастыруда, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң спорт саласының ардагері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қайраткері Қуанған Бәкен сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ауқымды шара ертеңіне жалғасын тапты. Көпшілік алдымен Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектепте «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Мектебім – Ақмешіттей қасиетті, сенен алдым өнеге мен өсиетті» атты жиынға қатысты. Мектеп директоры Зинегүл Жүсіпова білім ордасынан түлеп ұшқан түлектердің жеткен жетістіктері туралы мақтанышен баяндады.
Құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов ізгі лебізін жеткізді.
– Бүгін біз Сіздермен бірге ерекше бір мазмұнда ұйымдастырылып жатқан шарада бас қосып отырмыз. Олай деуімнің негізгі себебі аудан орталығындағы №216 мектепті 1957 жылы мен 2000 жылдары аралығында бітірген түлектер бас қосып, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында үлкен шараның өтуіне мұрындық болып отыр. Дәл қазіргі уақытта ауызбіршілік алтыннан да қымбат. Сіздердің «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ұйымшылдықпен «Ауыл күнін» ұйымдастыруларыңыз көпке үлгі боларлық шара деп айтсақ артық емес.
Әрине, мұндай шараны ұйымдастыра білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тек берекесі тасып, ынтымағы артқан, жастары жалындап тұрған ауылдар ғана қолға алып, абыроймен өткізе алады. Сондықтан осы шараның басында жүрген барша азаматтарға алғысымды айтып, ризашылығымды білдіремін, – деді.
Бұл күні шараның жоғары деңгейде өтуіне белсене араласқан азаматтарды аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың атынан «Алғыс хаттармен» марапаттады.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген халықпыз. Бұл дүниеден өткен жақындар мен жайсаңдарын еске алып аруағына бағыштап ас беру халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі. Осы орайда бақиға көшкен өлі әруақтар рухына ізінің қайырлылығын, ұрпағының разылығын білдіруге сырттай желеп - жебеп жүрулерін тілек етуге ниеттеп, құран бағышталды.
«Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Берік Сүлейменов құран-хатым жасағанда, сол мектепте оқыған және білм берген 500 түлек пен ұстаздың аты-жөні оқылды.
Рухани құндылықтар ұлықталған кеште Қызылорда облысы мен Қазалы ауданының құрметті азаматы, «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов, білім саласының ардагері, Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектепте директор қызметін атқарған Серік Қуанышбаев, аудандық мәслихаттың депутаты Әбдуали Рахметов те сөз сөйлеп, мұндай шараның елдің бірлігін сақтаудағы маңызы жоғары екенін атап өтті.
Айтулы шараның басы-қасында жүріп, үлкен-кішінің ортақ іске белсене қатысуына ұйытқы болған аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш:
– Туған жер әрбір жан үшін жүрек түкпірінен орын алар киелі мекен. Әрбір адамды туған елге деген сүйіспеншілік,махаббат сезімдері алға жетелеп отырады. Дана халқымыз: «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтпаған. Ортаймаған қазаны, қасиетті Қазалы жері өзінің ақ күрішімен, мыңғырған малымен көпке танылып, руханиятымыздың темірқазығы аталып, ұлттық құндылығымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Ешбір жерге айырбастауға келмес өзіндік құны мен қасиеті астасқан осынау қадірлі жерде дүниеге келгеніміздің өзі біз үшін зор мәртебе.
Шараның осындай деңгейде өтуіне көптеген азаматтар атсалысты. Жұдырықтай жұмылып, бес саусақтай бірікті. Бәріне алғысымыз шексіз, – дей келе Қ.Сәтбаев атындағы мектеп ұжымына, білім ордасының басшысы Зинегүл Жүсіповаға ұйымдастырушылардың атынан алғысын айтып, бағалы сыйлықтар табыс етті.
Шара барысында «Мектепке жол» акциясы аясында 20 оқушыға оқуға қажетті құрал-жабдықтар тарту етілді.
Сонымен қатар кіші футбол, қол күрес, гір көтеру, арқан тарту және қой көтеру сайыстарының жеңімпаздары марапатталып, сыйлықтарға ие болды.
«Мектебім – Ақмешіттей қасиетті, Сенен алдым өнеге мен өсиетті...» атты «Ауыл күнін» атап өту кешіне қатысушылар аудан жұртшылығына үндеу жариялады. Олар: «Елдің тұтастығы, тыныштығы мен халықтың бірлігі ең маңызды мәселе, оның бастауы ауыл екендігі белгілі. Сондықтан біздер, бүгінгі «Ауыл күніне» қатысушылар, іс-шараның ұрпақ сабақтастығы және тәрбиесі үшін өте маңызды екендігіне баса назар аудара отырып, аудан жұршылығына үндеу жолдауды жөн көрдік», – дейді. Үндеудің мәтінінде:
– Ең басты байлық адам өмірі мен денсаулығына мән беріп, салауатты өмір салтын қалыптастырып, жастар арасында ішімдік ішу, темекі тарту,есірткі пайдалану сияқты жат қылықтардан аулақ болуға ат салысып, ауылдар арасында спорттық жарыстар өткізуге, осы тақырыптағы аудан жастарының пікірталасын өткізуді ұсынамыз;
– Ұлтымыздың бірлігін нығайту, өзара сыйластықты сақтау мақсатында үлкен-кіші болып, жасөспірімдер мен жастар арасындағы көше қақтығысы мен төбелестердің алдын-алу шараларын күшейту, үш ұрпақ - үлкен, орта, кіші буындарды қатыстыра отырып, бітістіру мен татуластыруды қолға алу кезек күттірмейтін мәселе деп есептейміз;
– Үлкенді сыйлау, кішіге жол көрсету, қарттарды құрметтеу, мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын беруді жүйелі насихаттау үшін ардагерлер мен жастар ұйымдарының, басқа да қоғамдық ұйымдар, ата-аналар комитеттерінің жұмысын үйлестірген дұрыс деген бағыттамыз;
– Туған жерді қастерлеудің басты шарты тазалық, барлық тұрғындар қоқыс қалдықтарын кез келген жерге тастамауды, оны жинап тиісті орынға өткізуді дағдыға айналдыруды, тазалық пен көркею жұмыстарына мекемелерді-нысанына қарамай, азаматтарды-қызметіне қарамай тартылуы керектігі басты ереже болуды талап етеміз;
– Әрбір аудан тұрғынынан «Менің талым» деген көшеде акцияға қатысып, бір түп ағашты күтімге алуды бастама етіп көтереміз. Аула мен көшелерді гүлдендіру уақыты келді, ол эстетикалық, мәдени тәрбие берудің көзі деп есептейміз;
– Қайырымдылық шараларын жүйелі түрде, белгіленген уақытта өткізуді және той-томалақ өткізудің елдік дәстүрін жасауды, ысырапқа жол бермеуді, әсіресе биік мазарлар мен белгілерді салу және діни ағымдарға, рушылдыққа бөлінуді бізге жат екендігін білдіреміз;
– Балаларымыз бен немерелеріміздің кітап оқуына көңіл бөліп, әлеуметтік желідегі орынсыз жел сөз бен өсек-аяңға еру, орынсыз ғайбат пен айыптауларға қосылуды не жазуды айыптаймыз және болдырмауға, дер кезінде тосқауыл қоюға баршаңызды шақырамыз, – деген тәрбиелік мәні зор жалынды сөздер жазылған. Ендігі мәселе іс жүзінде жүзеге асуында.
Бұл күні халық ән мен жырға сусындап, күмбірлеген күй тыңдады. Облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы жыршы-термеші Жанболат Өмірзақ орындаған Есенқұл Жақыпбектің «Біздің елдің жігіттері» термесі рухты оятып, ерекше күш сыйлады. Бұдан бөлек аудан өнерпаздары Төлеу Қосанның «Өнердің әулетіне жаздым сәлем» термесін, Ораз Досбосынұлының сөзіне жазылған, Бейбіт Оралұлының әні «Толғау», Құрманғазының күйі «Машина», Дәулеткерейдің күйі «Көріғұлы», Кердер Әбубәкірдің «Ерлерім сөйле деген соң» термесі мен «Пай – пай жігіттер» әні кештің ажарын айшықтай түсті.
Ата-баба іргетасын қалап, аманатқа қалдырған туған топырақты қадірлеп, қастерлеуге арналған ауқымды шара шымылдығы Жетіскен Мәкеналының сөзіне жазылған Қорған Жолдыбаевтың әні «Қазалы вальсі» әнімен жабылды. Әсерлі жиыннан жайдары көңіл-күймен тарқаған көпшілік құдайы жолы асына арналған дастарқаннан дәм татып, дұға етуге аяңдады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА