Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » "Ауызбіршілік алтыннан да қымбат"

"Ауызбіршілік алтыннан да қымбат"

Бүгін аудан орталығындағы Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектепте «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Мектебім – Ақмешіттей қасиетті, сенен алдым өнеге мен өсиетті» атты ауқымды шара өтті.
Шара басталмас бұрын Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектептің директоры Зинегүл Жүсіпова білім ордасынан түлеп ұшқан түлектердің жеткен жетістіктері туралы айтып берді.
Мазмұны мол шараны аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов құттықтау сөз сөйлеп ашып, ізгі лебізін жеткізді.
– Бүгін біз Сіздермен бірге ерекше бір мазмұнда ұйымдастырылып жатқан шарада бас қосып отырмыз. Олай деуімнің негізгі себебі аудан орталығындағы №216 мектепті 1957 жылы мен 2000 жылдары аралығында бітірген түлектер бас қосып, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында үлкен шараның өтуіне мұрындық болып болып отыр. Дәл қазіргі уақытта ауызбіршілік алтыннан да қымбат. Сіздердің «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ұйымшылдықпен «Ауыл күнін» ұйымдастыруларыңыз көпке үлгі боларлық шара деп айтсақ артық емес.
Әрине, мұндай шараны ұйымдастыра білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тек берекесі тасып, ынтымағы артқан, жастары жалындап тұрған ауылдар ғана қолға алып, абыроймен өткізе алады. Сондықтан осы шараның басында жүрген барша азаматтарға алғысымды айтып, ризашылығымды білдіремін, – деген ол шараның жоғары деңгейде өтуіне белсене араласқан азаматтарды аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың атынан «Алғыс хаттармен» марапаттады.
Мұнан соң Қызылорда облысы мен Қазалы ауданының құрметті азаматы, «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов, білім саласының ардагері, Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектепте директор қызметін атқарған Серік Қуанышбаев, аудандық мәслихаттың депутаты Әбдуали Рахметов те сөз сөйлеп, мұндай шараның елдің бірлігін сақтаудағы маңызы жоғары екенін атап өтті.
Ал, аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш шараны жоғары деңгейде өтуіне біркісідей атсалысқан Қ.Сәтбаев атындағы мектеп ұжымына ұйымдастырушылардың атынан алғысын айтып, білім ордасының басшысы Зинегүл Жүсіповаға бағалы сыйлықтарды табыс етті.
Шара барысында дүниеден өткен азаматтардың рухына арнап құран бағышталып, «Мектепке жол» акциясы аясында 20 оқушыға оқуға қажетті құрал-жабдықтар тарту етілді.
Сонымен қатар, кіші футбол, қол күрес, гир көтеру, арқан тарту және қой көтеру сайыстарының жеңімпаздары марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.

"ҚАЗАЛЫ" ақпарат

07 тамыз 2022 ж. 626 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031