Майдакөлдіктер мәртебе мінберінде
Жуырда Қазалы ауданының Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов бастаған бір топ жас «Жастар керуені» атты концерттік бағдарламамен ауданға қарасты 19 елді мекенді шарлауды көздеген еді. Мақсат ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалану болды. Бұған дейін көптеген ауылды жағалаған олардың қатарында аудандық әкімдіктегі жауаптылар да бар. Жуырда олар Сарбұлақ, Ғ.Мұратбаев, Майдакөл және Жанкент ауылдарына аялдаған. Оның ішінде Майдакөл ауылдық округі, Бекарыстан би ауылында өткен кештегі игі істер мен ауыл жастарының ұйымшылдығын көріп, сүйсінбеске шара болмады.
Жоғарыда айтқандай, мұндағы мақсат біреу-ақ. Ауыл халқын өнермен сусындатып, жастарымен ашық аспан астында еркін әңгіме өрбітіп, қолқусырып жүрген жастар еңсесін көтеру мен уақытты тиімді пайдалану. Ең бастысы ауыл халқының көкейінде жүрген сауалдарға ашық жауап беру.
Шара барысында мемлекеттік бағдарламалар бойынша барлық ауыл тұрғындары мен жастарға әр түрлі саланың, оның ішінде аудандық ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу және кәсіпкерлік, өнеркәсіп пен туризм бөлімінің мамандары болды. Сондай-ақ Қазалы ауданындағы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының қызметкерлері қатысып, елдегі ағайынға кеңес беріп, ұқпағанын жіті түсіндіріп, түрлі сұрақтарға жауап берді. Ең қызығы ауылдың орталық алаңына ақ отау мен алтыбақан құрылды. Онда жиналған қалың жұрт ұлттық ойын ойнап, жадырап қалды.
Айта кету керек, ауылдың кеші бір бөлек, ал жастарының ұйымшылдығы бір төбе екен. Көптен бері созылмалы бүйрек жеткіліксіздігінің 5-ші сатысымен күресіп келе жатқан ару Бөлекбай Еркеайым Серікқызының Түркия елінде жасалатын отаға барлығы 30 миллион теңге қажет екендігі әлеуметтік желіде кеңінен таралған еді. Осы тұста, ауыл жанашырлары қаршадай қызға 3 миллион теңге жинап беріп, барша аудан тұрғындарын қол ұшын созуға шақырды. Ол аз десеңіз, ауыл жастары жергілікті жердегі балабақшаға балғындарға арнайы бассейн де тарту етті. Мұның барлығына қарап отырып, көз сүйсінсе, жүрек те елжірейді.
Онан соң, концерттік бағдарлама болды. Жастар өз өнерін көрсетіп, әуезді ән мен шыр көбелек айналған бишілер барын ортаға салды.
Кеш соңында бейресми кездесу өтіп, еркін форматта ашық диалог жүргізілді. Ортаға алау жағылып, жастар ән шырқап, поэзиядан паш етті. Осы аралықта тұрғындар тарапынан ұсыныстар мен ауылдағы шешімін таппай жүрген мәселелер де көтерілді.
Кездесуде Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Д.Тлеумбетов, Қазалы ішкі саясат бөлімінің басшысы Қ.Әбубәкірұлы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Жолтаев та болып, ауыл жастарымен пікір алмасты.
Барша жастарды бір арнаға тоғыстыру жолында мұрындық болып жүрген Н.Ақпанбетов пен бір топ жастың аялдамасы мұнымен аяқталмайды. Алда әлі алты ауыл бар.
Серік АҚМЫРЗА