Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жан жадыратқан Жанқожадағы кеш

Жан жадыратқан Жанқожадағы кеш

Өткен бейсенбінің кешінде «Жастар керуені» жобасымен Арықбалық ауылдық округіне ат басын бұрдық. Мақсат – ауыл халқын өнермен сусындатып, артынша сондағы жастарымен ашық аспан астында еркін әңгіме өрбіту. Ал ең бастысы ауыл халқының көкейінде жүрген сауалдарына жауап беру. Ол үшін аудандық бөлімдерден арнайы мамандар бекітілген. Содан не керек, Жанқожадағы саябаққа аялдағаннан шараның жоғары деңгейде өтетініне күмән болмады. Өйткені безендірілген сахна, жарық көзімізді соған жеткізетіндей болды. Әні-міне дегенше екі сағатқа созылған кеш керемет өтті. Сөз жоқ. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, мұндағы болған шара бұған дейінгі ауылдардың алдына шықты десек артық болмас.
Ең әуелі сол аралықтағы жайттардан хабар бере кетейік. Күн ұясына батпай тұрып, саябақтың орталығына қатарласа қойылған үстел жанында жеке-жеке қабылдау басталды. Мұнда аудандық ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімдерінің мамандары жайғасқан. Кез келген сауалға сақадай сай дайын отыр. Бастысы – жергілікті жұрттың керегіне жарап, қажетін бере алсақ деген ниет олардікі. Одан бөлек аялдаған жанның алдында кібіртіктемей іздегенінің үстінен түсіп, қойылған сұраққа қанағаттанарлықтай жауап бере алса болғаны. Әдеттегідей барлығы ойдағыдай өтті. Сала мамандары жиналғандардың санасында күрметілген сауалдардың шешіміне жол ашқандай болды.
Айтпақшы, Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің маманы да сол жерден төбе көрсетті. Батыр атына берілген ауылдағы биылғы бітіруші түлектерге білім ошағындағы қажетті мамандықтар мен жеңілдіктерді ұсынды.
Әр бөлімнің қызметкерлеріне көңілі толған округ жұрты ауыл мен аудан өнерпаздарының өнерін тамашалауға сахна алдына қарай ағылды. Мың бұрала билеген бишілер кештің шымылдығын ашты. Артынша ауылдың жас әншілері әннен шашу шашты. Сол тұста алғы сөз аудан әкімі аппаратының басшысы Ринат Тілепке берілді.

– Бұған дейін Кәукей, Тасарық, Сарыкөл, Ақтан батыр және Ақжона ауылдарына аялдадық. Ауыл жастарымен тілдесіп, ашық аспан астында ашық әңгіме өрбіттік. Мұнда да солай. Қазір көңілді кеш аяқталған соң, сіздерді алау алаңына шақырамын. Көкейде жүрген сауалдарды тартынбай сұрап, мейлі жеке бастың, мейлі ауылдың мәселесін айтуға болады. Сол арқылы шалғайдағы жастардың жайымен танысамыз. Соған сәйкес жұмыс жасаймыз.
«Жастар керуенінің» құрылудағы басты мақсаты осы. Сондықтан бізбен бірге болыңыздар. Осындай керемет таза ауа, ашық аспан астында сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын, – деді Ринап Ібайдуллаұлы.
Мұнан соң жанды дауыста шырқаған Сәкен Қуантқанұлы, Мадияр Жеткербай, Досбол Нұрылла жиналғандардың көңілінен шығып, ризашылығына бөленді. Одан бөлек кештегі көңілді әндер көпшілікті билетті. Әні-міне дегенше шара соңына таяды. Сәкен Қуантқанұлының қорытынды «Атамекен» әні тұрғындарды орнынан тұрғызып, қошеметке бөледі. Сол тұста сахна алдынан жарқыраған отшашу мен салют көз алдымызға ауылдағы концертті емес, республика көлемінде ұйымдастырылған шараны әкелді. Мұндай еңбекті жасаған ауылдық клубтың режиссері Бақытбек Мәкеевке алғыс білдірмеуге болмас, бәрекелді! «Жастар керуені» алдағы уақытта аялдайтын ауылдық округтердің шарасы керемет аяқталуына таптырмас идея болды десек жарасады. Бір сөзбен айтсақ, жанды жадыратқан Жанқожадағы кешті көргенде арманда, көрмегенде арманда.

Әуелде айқандай, ауыл ­жастары ашық аспан астындағы алау алаңына қарай ығысты. Оттың айналасына дөңгелене жайғасып, пікір алмасуға көшті. Мұнда аудан әкімі аппаратының басшысы Ринат Тілеп бастаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайрат Әбубәкірұлы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Нұржан Аралбаев қарсы тараптан қойылған сауалдарды тыңдап, жауапты тиісті сала мамандарына жүктеді. Бір байқағанымыз, округ жастары апта сайын би кеші өткенін қалайды екен. Одан бөлек, бас қосатын шараның көптеп ұйымдастырылуын сұрады. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша да айтылды. Ара-тұра өнерпаздар баян, домбыра, гитарамен жанды дауыста ән айтып, көпшіліктің көңілін көтерді. Ал ауылдың тумасы, ақын Ғабит Кәдірбай алау маңын айналып «Туған жер» мен «Шыт көйлек» атты өлеңді жетер жеріне жеткізіп орындады. Орындауында мін жоқ, талант дерсің?! Бұл менің ғана емес, сондағы жиналғандардың да ойы. Әрі қарай түрлі ұсыныс-пікірлер айтылып, Шәмшінің әндері де шырқалды. Осылайша еркін форматтағы отырыс тамаша қорытындыланды.
Міне, Мәулен Қайруллаев басшылық ететін ауылдағы сапар осылай мәресіне жетті. Ал біз 38 шақырымды қайта артқа тастап, аудан орталығына кері оралдық.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
19 шілде 2022 ж. 803 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 67

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 62

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930