"Жалаңтөс батыр" ЖШС-ның егіс алқаптарын аралады
Кеше аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Жалаңтөс батыр» ЖШС-ның күріш алқабына барып, егістікті суға бастыру жұмыстарымен танысты.
Егістікке арнайы келген аудан басшысын серіктестік директоры Абзал Сәрсенов күтіп алып, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
«Жалаңтөс батыр» ЖШС биыл 600 гектар жерге күріш еккен. Ерте көктемнен білекті түріп қызу жұмысқа кіріскен дихандар дән себу жұмыстарын 25 мамырға дейін толық аяқтаған. Соның нәтижесінде бірінші суға бастыру жұмыстарын ертерек аяқтаған.
Қазіргі таңда екінші рет суару жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Аудан басшысы барған учаскеде егілген 250 гектар күріштен 60 гектар ғана суарылмаған. Оны дихандар алдағы үш күнде ішінде суарып болады.
Аудан басшысы Мұхтар Оразбаев шаруалардың жұмысына сәттілік тілеп, биылғы жылдың ерекшелігі мен қиыншылықтарына тоқталды. Сондай-ақ, биыл төрт түлікке қажетті жем-шөптерге сұраныс жоғары болатынын тілге тиек етіп, мүмкіндігі болса жем-шөп қорын мол етіп жинастыруға кеңес берді.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат