Алтын арқалағандар қашан ардақталады?
«Заманауи медиа және бүгінгі журналистиканың келбеті». Тақырыптың ауқымы кең. Түрлі ой қаузалып, сан алуан пікірлердің тоғысатын жері. Бұл бұған дейін талай мәрте айтылды да жазылды. Дей тұрғанмен, осы тұрғыда әрбір төртінші билік өкілінің өзіндік айтар ойы, көтеретін мәселесі мен ұсынысы болары анық. Сондықтан жан-жақты саралап, көкейдегіні қағаз бетіне түсірдік.
Жаңа медиа – жаңа серпіліс
Бүгінгі қоғамда «жаңа медиа» сөзі қолданысқа ентелей еніп кетті. Қазақстанға бұл ұғым бірнеше жылдар бұрын ғана келгенімен, шет елдерде бұдан бұрын пайда болған. Осы тұста «Дәстүрлі медиа мен жаңа медианың айырмашылығы қандай?», «Жаңа медиа дәстүрлі медианың жойылуына себеп пе?» деген сауал қылаң береді. Тоқталайық...
Оқырман үшін дәстүрлі медиаға қарағанда, жаңа медианы қолдану әлдеқайда жеңіл. Айтып отырғанымыз, әлеуметтік желі. Жұрт газет беттерінен ғана алатын ақпаратпен, қаланың түкпір-түкпірінде жүрседе смартфондар арқылы таныса алады. Мұны сіз бен біз жақсы білеміз. Дегенмен, оның рас не жалған екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Тек ресми сайттар арқылы көз жеткізеді. Ал бұрыс ақпарат тараса, сол арқылы дүрбелең туатынын талай мәрте көрдік. Бұл бағанағы жаңа медианың тиімсіз тұсы. Ал дәстүрлі медиамен нақты деректі алға тарта отырып, шынайы мәліметке қанық болуға болады.
Бұл ретте тағы да «Жаңа медиа пайда болғанда, дәстүрлі медиа туралы пікір қалай болды?» деген сауал туындайды. Бүгінгі күні дәстүрлі медиа қолданыста. Қоғамда әлі де үлкен орын алады. Мәселен, бүгінгі газеттердің бұрынғыға қарағанда таралымы көп. Мысалы: «Егемен Қазақстан» газетінің тиражы 185 мыңнан асып түседі. Бұл дегеніміз дәстүрлі медианың бүгінгі күні де ерекше екенін білдіреді. Қорытындыласақ, жаңа медиа дәстүрлі медианың жаңа серпілісі. Жаңа медиа дәстүрлі медианы жоймайды, керісінше оның бар екенін, халыққа орнының үлкен екенін мойындатады.
Билік пен халықтың алтын көпірі...
Мылтықсыз майдан жүріп жатқан қазіргі заманда «Ақпарат кімнің қолында болса, сол әлемді билейді» деген қағида бар. Бүгінде алпауыт елдер өз билігін жүргізу үшін осындай айла-амалға көшті. Бұл соғыс қаруланған әскерлердің қатысуынсыз-ақ әуелі газет, телеарналар мен кейіннен ғаламтор кеңістігі арқылы тіптен күшейіп кетті. Әлем зерттеушілері айтып жүрген ақпараттық соғыс дегеніңіз осы жерден айшықталады. Ал, ақпараттық майдан дегенде, әуелі тіл ұшына журналистер оралатыны мәлім. Сондықтан, жуық арада журналистердің қолындағы билігі ілгерілемесе, құлдырай қоймайды. Төртінші билікті тізгіндегендердің қоғамдық қана емес, ғаламдық ықпалын осыдан-ақ пайымдай беріңіз.
«Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» дейді жазушы Шерхан Мұртаза. Тәмсілдің тереңіне бойласақ, төртінші билік өкілеріне артылған жүктің жеңіл емес екенін түсінеміз. Кешегі Алаш арыстарынан бастап, ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың бәрінің журналистік жолға соқпағаны кемде-кем. Қазақ ұлттық журналистикасын «Қазақ» газетінсіз, ондағы Алаш арыстарының мақалаларынсыз елестете алмайсыз. Әлихан мен Ахмет, Сәкен мен Тұрар, тіпті, бертіндегі Ақселеу Сейдімбектердің қатарында журналистика саласы бойынша қызмет етпегендері аз. Неге? Өйткені, мемлекеттің көсегесін көгертетін ұлттық, отандық, қоғамдық сана қалыптастырушы – газет, радио-телеарна. Бір сөзбен айтқанда, журналист халық пен биліктің арасындағы алтын көпір іспеттес.
Әріптестің әңгімесінен...
Бүгінгі журналистиканың келбетін мәртебесіне қарап білуге болады. Алайда бұл қауым үшін бекітілген заң жоқ. Бар, әрине. Бірақ ол заңда журналистердің тек міндеттері мен жауапкершілігі ғана жазылған. Журналистерге қандай жағдай жасалатыны туралы бір ауыз сөз жоқ. Сондай-ақ БАҚ туралы заңға енгізілетін болса, «Тілші қауымның құқықтық және әлеуметтік мәселесін шешу, тағы да екінші орынға ысырылып қала ма?» деген қауіп бар. Осы тұста журналист Зейін Әліпбек қазіргі журналисттің жағдайын, әлеуметтік мәселесін қалай түзету керек екенін жөнінде былай дейді.
– Жағдайды түзеудің бір ғана жолы бар. Ол – бұрын да айтып жүргенімдей, «Журналист мәртебесі туралы» Заң қабылдау. Ол заңда не болуы қажет? Біріншіден, журналистің мәртебесі, статусы айқындалуы қажет. Әншейінде журналисті төртінші билікке теңеп жатады. Ендеше олар құқықтық жағынан сол статусқа сай қорғалып, құзіреттері сол мәртебеге сай күшейтілуі тиіс. Кім көрінгеннің қол көтеруіне жол бермейтін, қызметтік міндеттемелерін орындауына мүмкіндік беретін құқықтар осы заңда шегелеп жазылғаны жөн. Екіншіден, мемлекет тарапынан әлеуметтік кепілдіктер берілуі керек. Кез келген журналисті ең бірінші кезекте мазалайтын мәселе – баспана. Оның себебі де бар.
Естеріңізде болса, 2000 жылдары баспананы әжептеуір жеңілдікпен алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары болды. Елдің бәрі дерлік үй алып жатқанда, осы игіліктен журналистер мүлдем шет қалды, себебі еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының басым бөлігі жекеменшік болғандықтан олар не мемлекеттік қызметкерге, не бюджеттік мекеме қызметкеріне жатпады. Ал түптеп келгенде, аты жекеменшік болғанымен, ақпарат құралдарының бәрінің заты – мемлекеттікі. Бұл – әділетсіздік. Қазір сол кездегідей майшелпек бағдарламалар жоқ. Дегенмен, арнайы жеңілдіктер қарастыруға болады деп ойлаймын. Мәселен, неге бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспананы кепілсіз және бастапқы жарнасыз 1 процент өсіммен бермеске?
Менің ұғымымда, жауапкершілік бойына әбден сіңіп кеткен халық ол – журналист. Сондықтан оларды кепіл немесе бастапқы жарна сұрап қинаудың қажеті жоқ. Мүмкіндік жасаса жетіп жатыр. Үй құнын өздері-ақ төлеп шығады. Сонымен қатар неге журналистерге де ішкі істер саласы қызметкерлеріне жасалғандай, жалға алған пәтер ақысын төлеуге мемлекет жағынан көмек берілмеске? Неге мұғалімдер секілді жылына бір мәрте тегін демалу орнына берілетін жолдамамен қамтамасыз етпеске? Неге мұғалімдер секілді журналистердің де еңбек демалысы 56 күн болмасқа? Неге Түркия журналистері секілді театр мен музей сияқты мәдениет пен өнер ордаларына тегін кірмеске? Неге Түркия журналистеріндей қоғамдық көлікте тегін жүрмеске? Неге дәрігерлер секілді журналистеріміздің де жалақысын 560 мың теңгеге дейін өсірмеске? Қазір тілшілердің жалақысы – 100 мың теңгенің айналасында. Неге ковидтен қайтыс болған әріптестеріміздің отбасына дәрігерлер секілді 10 миллион теңге өтемақы бермеске? Айтпақшы, пандемия кезінде үш қана мамандық жұмысын тоқтатқан жоқ. Олар – дәрігерлер, полиция қызметкерлері және журналистер. Сондықтан дәрігер мен полицейге жасалған жеңілдік журналистерге де жасалуы тиіс деп есептеймін. Бұл менің өз ойым, жеке пікірім.
Сауалға жауап
Осыдан 3 жыл бұрын Ақордада өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері елімізде журналистердің құқықтарының жиі бұзылатынын, тілшілер қауымының ешқандай әлеуметтік топтарға жатпайтыны жөнінде сұрақ қойды. Қорыта келе Қазақстан журналистердің мәртебесі туралы жаңа заң қабылдау қажеттігін айтты. Сол тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Бұл – өте өзекті мәселе. Сондықтан оны жақсылап тұрып қарауымыз керек. Егер қажет болса, Үкіметке тиісті тапсырмалар беремін. Алдағы уақытта Қазақстанда журналистердің мәртебесі туралы заң қабылдаймыз! Иә болмаса, мен өзім Президент ретінде Жарлығымды шығарамын» деп жауап берді.
Өткен жылы осы мәселе төңірегінде Нұртөре Жүсіп: «Еліміздегі БАҚ туралы заңда және Еңбек кодексінде журналистердің мәртебесі мен кепілдіктері туралы ешқандай бап жоқ. Анығырақ айтсақ, БАҚ туралы заңның 20-бабындағы 10 құқығы мен 21-бабындағы 5 міндеті ғана жазылған. Еңбек кодексінде мәртебе жөнінде бір ауыз сөз, тіпті журналистердің еңбек ету құқықтары деген бөлім де жоқ. Журналистерге сот, прокуротура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді. Бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалынсыз қоғамды демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін арнайы әлеуметтік мәртебе арқылы қолдауды әрі қорғауды ұсынамыз. Бұл үшін «Журналист мәртебесі туралы» арнайы заң қабылдау қажет» деп айтты.
Журналистикаға деген қолдау қай кезде күшіне енері белгісіз. Дегенмен, бұл саланың ғұмыры өміршең болып, қандай жағдай болмасын елдің ілгерілеуі үшін еңбек ете берері даусыз. Сондықтан...
Абзал ЖОЛТЕРЕК