Бұралқы ит балаға қас
Кішкентайында ит тісінен етегі жыртылып, балтыры қанамаған ойын баласы кемде кем. Сәл ертеректе көше кезген ит қарасы қалың, жүгірмектер көше бойы жүгіріп, уақыт өткізетіндіктен бұралқыға екі күннің бірінде есе жіберіп қою мүмкін еді. Одан бергі уақытта қаңғыбас жануарды атып, байлаулы иттер ғана қалғандай көрінген. Алайда бүгінгінің балаларының есесі кеткені ештеңе емес, тағдыры бұралқы тісінде кетіп жатқаны алаңдатады. Әсіресе жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы қаңғыбас иттерді көшеде тырқыратып қуып жүріп атып тастауға Заң қабылданғаннан кейін тиым салынатын бері осындай оқиғалар жиілеп кетті.
Бірер күн бұрын желіде итке таланған қаршадай қыздың видеосы жұрттың жағасын ұстатты. Шабуыл Талғар ауданындағы Тұздыбастау ауылында болды. Алабай баланың бетін, арқасы мен жамбасын тістеп алған. Қызды көршінің ит шабуылынан әрең құтқарып қалғанын көрдік. Кез келген отбасындағы балақайлар секілді итке таланған қыз да аулада ойнап жүрген. Алабайдың иесі үй жануарын байлаусыз қалдырып кеткен. Туыстарының айтуынша, алабай баланың бетін, арқасын және жамбасын тістеп алған. Бетіндегі жараларды тігу керек болды. Ал иттің иесі зардап шеккен балаға емделуі үшін 30 мың теңге төлеген. Бірақ ата-ана агрессивті ит иесінің немқұрайлылығы үшін жазаны күшейтуді және пластикалық операция үшін ақша талап етті. Бұл талабы орындалған күннің өзінде бүлдіршіннің психикасын қалыпқа келтіру оңай болмайтыны анық.
Мұндай жағдай Қазақстанның төрт түкпірінде де орын алып жүр. Бірақ солай екен деп қаңғыбас иттердің көзін жойып немесе аулап жүргендерді көз көрмегелі қашан?! Ал жеке қажеттіліктеріне байланысты ит асырап отырғандар жыртқыш қасиеті бар жануарына қаншалықты жауапкершілікпен қарап отыр? Көп жағдайда ойы әріге кетпейтін азаматтар аздаған қаржы беріп, жауапкершіліктен құтылып жатады. Бірақ балақайдың өліміне байланысты Қылмыстық кодекстің 104-інші, яғни «Абайсызда қазаға ұшырату» бабы бойынша кінәлі тұлғаға үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатынын ешкім ескере бермейді. Мүмкін жазасы желірек болғаннан болар. Біреу қасақана адамды итке талата қоймас. Дегенмен иттің тісінде кеткен тағдырға иесінен басқа ешкімді кінәла алмайтынымыз заңды.
Жақында осы мәселеге байланысты Заңға өзгерістер енбек. Бірақ бұл ушығып тұрған мәселені одан әрі қиындатады десек қателеспейміз. Неге десеңіз, қаңғыбас иттерді ату жұмысы тоқтап, ұғынықты айтсақ, арнайы итхана ашылмақ.
– Заң күшіне енгеннен кейін Қазақстанда қаңғыбас жануарларды аулау және өлтіру тоқтатылады. Ал олардың санын реттеу мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен стерильдеу жолымен ғана жүзеге асырылады. Бұл ретте жануарларды аулаудың үлгілік қағидаларының жобасы аясында иесі бар екенін білдіретін белгілері бар жануарларды стерильдеуге тыйым салу жоспарлануда», –деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова.
Басқа маңызды әлеуметтік нысандар мен жолдар мәселесі қордаланып тұрған Қазалы ауданында итхана тұрғызу оңай шаруа емесі түсінікті. Солай екен деп балаларды бұралқы талауына беріп,ешкім бейжай отыра алмайды. Мұндайда тезірек стериальдеу орталығын іске қосу немесе қаңғыбас иттердің көзін жою керек. Бұл тек алаңдаған ағайынның ғана емес, аудан әкімдігі үшін де кезек күттірмейтін, салдары сұмдық мәселе ретінде қаралуы тиіс.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ