Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнер қонған отбасы

Өнер қонған отбасы

Өнер екінің біріне қона бермейтін қасиет. Біреуге жезтаңдай әншілік, енді біріне он саусағымен қазақтың қара домбырасын сөйлеткен күйшілік қабілет беріледі. Тіпті арамызда отбасымен өнер десе, ішкен асын жерге қоятын жандар да бар. Олардың қатарында Ақтан батыр ауылындағы Әбуовтер де бар. Отағасы Жұбаназар Әбуов аудан жұртшылығына аты таныс термеші, әрі күй мен жырдың шебер орындаушысы. Ал отанасы Ұлмекен Сансызбай ұзақ жылдар бойы мәдениет саласында еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шықты.
Жастайынан өнерге құмартып өскен Жұбаназар Әбуұлы домбыра аспабын еркін меңгерген. Құлақ құрышын қандырып күй тартып, төгілтіп терме орындайтын өнерлі азамат түрлі ансамблдердің құрамында өнер көрсеткен. Ол бірнеше сахналық қойылымда да рөлдерді сомдап, актерлік қырынан да танылған. Бүгінде Қазалы қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында мәдени ұйымдастырушы болып істейді.
Жұбайы Ұлмекен Қожаққызы Жетісай қаласындағы мәдени-ағарту техникумын «Халық аспаптары оркестрінің жетекшісі және клуб қызметкері» алып шыққан. Ол да домбырада еркін ойнайды. Ансамбльдер құрамында шеберлігін шыңдап, сахналық қойылымдардың бел ортасында жүрді. Жолдасы Жұбаназармен дуэт орындап, халық қошеметіне бөленді.
1986 жылы XXII партсъезд атындағы совхозда жаңадан ашылған клуб үйіне отбасымен жұмысқа шақырылып, сол өнер ордасындағы үйірменің жетекшісі болды. Бұдан соң Ақтан батыр ауылындағы ән-әуез мектебінде домбыра аспабының мұғалімі, бір жылдан кейін аталған мектептің директорлығына тағайындалды. Бұл мектеп жабылуына байланысты Қожабақы ауылындағы мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып қызметін жалғастырды. Одан кейінгі еңбек жолы Майдакөл ауылдық клуб меңгерушісі болып жалғасты.
2014 жылдан бастап Ақтан батыр ауылдық клубының меңгерушісі болған Ұлмекен Қожаққызы 2020 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Әлі де өнерден алыстамаған ол аудандық әжелер ансамблінің құрамында өнер көрсетеді.
Өнер жолы табыстырған Жұбаназар мен Ұлмекеннің ынтымағы жарасқан отбасында төрт ұл дүниеге келді. Олардың үлкені Елеу заңгерлік мамандықты таңдаса, Ақниет, Айниет есімді егіздер мен шаңырақтың кенжесі Жалғас ата-ана жолын жалғастыруда.
Ақниет пен Жалғас облыс көлеміне танымал «Жанкент» квартетінің белді мүшесі. Немересі Бекзат та өнерден құр алақан емес. Бұл отбасы түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарып, бірнеше жүлдені қанжығалады. Жекелген марапаттары өз алдына.
2008 жылы аудандық «Өнегелі отбасы – ұрпақ қазынасы» атты сайыста «Өнерлі отбасы» номинациясын алды. Облыстық «Отбасы – алтын діңгек» және «Мерейлі отбасы» байқауларында екінші орынды иеленген. Отбасының тірегі Жұбаназар Әбуұлы өткен жылы мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасының «Құрмет» грамотасымен наградталды. Сол жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінде «Үлгілі отбасы» номинациясына лайық деп танылды.
Отбасы тірлігімен қатар өнерді де өрге сүйрей білген Ұлмекен Қожаққызы: «Кез келген адам өнерлі бола бермейді. Бұл бізге берген сый деп білемін. Жолдасым да өнер адамы болғандықтан мен қызметте еш алаңсыз еңбек еттім деп ойлаймын. Отбасының іргесі берік, ынтымағы мызғымас үшін ерлі-зайыптылардың өзара үндестігі аса маңызды. Өнер адамы әрлі-берлі концерттік бағдарламалармен сапарлатады. Сәнденіп, сахнаға шығады. Халықтың қошеметі, құрметі болады. Бұның бәрін дұрыс жағынан түсініп, сені қолдап, қолпаштап жүретін жарыңның болғаны екі есе бақыт, – деп ағынан жарылды.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

21 мамыр 2022 ж. 1 010 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930