Өнерге құштар Арнұр
Осыдан тура отыз жыл бұрын Арал қаласында өткен республикалық аймақтық халық театры байқауында О.Бодықовтың «Қарақұм трагедиясы» драмалық дастаны көрермен назарына ұсынылды. Сонда қазақтың тұңғыш режиссерлерінің бірі – Асқар Тоқпанов, белгілі биші Шара Жиенқұлова, халық әртісі Бекен Римованың алдында өнері жоғары бағаланып, мерейі үстем болған Жанқожа батыр ауылындағы халық театры бүгінге дейін өз атағын абыроймен қорғап келеді.
Батыр баба атымен аталатын ауыл тұрғындары өнер десе ішкен асын жерге қояды. Театр өнерпаздары арасында кәнігі әртістерден кем түспейтін қарапайым тұрғындарды көргенде ерекше сүйсінесің. Сахналық қойылымдарды үздік сомдап, көрермен жүрегіне жол тапқандардың қатарында жасы да жасымысы да бар. Осындай талғампаз елдің қатары өткен жылы жас режиссер Арнұр Әлжанмен толықты.
Арнұр да осы ауылдың тумасы. Бала күнінен актер болуды армандаған жас мектеп бітірісімен Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжіне оқуға түсті. Алайда актер мамандығына студенттерді төрт жылда бір рет қабылдайтындығын, бұл жылы қабылдау емтихандары болмайтынын естіп, біледі. Бұған өнерге құштар жан қамықпады. Театр ұжымының жетекшісі мамандығын таңдап, білімін жалғастырды. 2018 жылы дипломын алған жас маман Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйі жанындағы халық театрына режиссер болып жұмысқа орналасты.
Көркемсөзді нақышына келтіре орындайтын өнерлі жігіт аудандық Абай оқулары байқауында бас жүлде жеңіп алып, облыстық кезеңде бақ сынады. Бұл сынақта екінші орын бұйырды. Аудандық жігіт сұлтаны және драма үйірмелері арасындағы байқауда Арнұр екінші орынға ие болды.
Қызығы мен қиындығы қатар жүретін өнер саласына өмірін арнауды ойлаған Арнұр бастан кешкен мына бір жайтпен бөлісті. «Студент кезімізде Татарстан Республикасында театрлар арасында өткен байқауға қатыстық. Н.Гогольдің «Ревизор» спектаклін сахналамақшымыз. Мен ревизор рөлін сомдаймын. Тура байқау болатын күні таңертеңгісін тамағым қатты ауырып, дауысым шықпай қалды. Спектальдің басталуына үш сағат ғана уақыт бар. Содан әлсін-әлсін үздіксіз дәрі ішіп, дауысымды әрең дегенде қалпына келтірдім. Сөйтіп, рөлімді ойнап шықтым. Спектакль бітісімен қайта ауырып, бір апта бойы сөйлей алмай қалғанмын», – деді ол бізбен әңгіме барысында.
Сонымен қатар алдағы жоспарларының да айқын екенін айта кетті. «Менің арманым актер болу. Режиссерлікке де осы мақсатта келдім. Білімімді шыңдап, тәжірибемді ұштай келе актерлікке бет бұруды ойлаймын. Болашағымды туған ауылыммен байланыстырамын. Жастарды өнерге баулығым келеді. Келешекте Г.Хугаевтің «Қара шекпен» пьесасындағы Тұзардың рөлін ойнағым келеді. Бұл пьеса жануарлар жайлы жазылады. Кейіпкерлері адамдарға ұқсайды, әрқайсысының мінез-құлықтары ашылады. Бұл туындыда автор жануарлар образы арқылы өмірдегі түрлі философиялық оқиғаларды бейнелейді. Ал Тұзар дегеніміз жай ғана қарауыл ит», – дейді Арнұр.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА