Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарих тудырған талант

Тарих тудырған талант

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен және жергілікті орталықтандырылған кітапхананың ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар Одағының, ҚР Авторлар қоғамының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, жазушы-драматург, ақын Әбдісаттар Сәдуақасұлы Оспановтың 80 жасқа толуына орай «Тарих тудырған талант» атты шығармашылық кеш өтті.
Басқосуда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында келіп жеткен меншікті мерекемен шын жүректен құттықтады.
Мұнан соң ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Көркемөнер академигі, Қызылорда «Болашақ университетінің құрметті профессоры Қайырбай Зәкіров, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Ағымсалы Дүзелханов сөз сөйлеп, кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады.
– Біз білетін Әбдісаттар Оспанов шығармашылыққа, әдебиетке деген қызығушылығы мектеп кезінде басталса керек. Міне, бұл махаббат оны осы жолға алып келді. Қысқаша тоқталсам, Ә.Оспанов Алматыдағы ҚазМУ-дың тарих факультетінің кешкі бөлімінде оқи жүріп, жеңіл өнеркәсіп, тұрмыстық қызмет көрсету мамандарын дайындайтын техникумда ұстаздық етті.
Ол 40 жыл жинаған қолжазбаларды араб әліпбиінен кириллицаға аударып, 1992 жылдан бастап төрт жыл ішінде Нұртуған Кенжеғұлұлының «Қанеки, тілім, сөйлеші», Ерімбет шайырдың «Ұлағат сөзім ұрпаққа» атты өлеңдер мен дастандар жинағын басып шығарған. Оның тарихшы-этнограф, ақын, жазушы, аудармашы, жырау, тіпті әнші-күйші, сазгер ретінде қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қосқан үлесі орасан. Қайсысын айтайын, оның жасаған еңбегі өте көп, – деді Қайырбай Зәкіров.
Мұнан соң кеш иесінің мерекесіне тілеулес болып келген ағайындары атынан Қазалы ауданының Құрметті азаматы Есен Малиев жүрекжарды тілегін жеткізді.
– Өмір бойы қайраткерлік пен қаламгерлікті қатар ұстап, өз ұлтының тарихын ұлықтап, әдебиетін әспеттеп келе жатқан, бұл күнде сексеннің сеңгіріне шықса да қолынан қаламын, домбырасы мен сырнайын тастамаған, қарымды қаламгер, әнші-күйші, композитор, үлкен жүректі азаматқа мықты денсаулық, шығармашылық табыс, отбасына баянды бақыт тілейміз, – деді.
Жалпы жұртқа Саттар Садықұлы есімімен таныс Әбдісаттар Оспанов 1940 жылы 15 мамырда Аралдың Ұялысында дүниеге келген. 1955 жылы Ұялы жетіжылдық мектебін үздік бітіріп шықты.
Ә.Оспановтың «Жанқожа батыр» деректі тарихи-көркем романы мен биылғы сиясы кеппеген «Ақиық», «Зар заман» романдарының арасында қаншама жинақ пен аударма, өлеңдер кітабы бар. Бұдан бөлек 64 ән, 10 күй мен көптеген терме-толғауды жарыққа шығарған.
Кеш барысында жиналған жұртшылық атпал азаматтың осындай өмірдерегіне қанық болды.

А.БАҚЫТҰЛЫ

28 желтоқсан 2021 ж. 563 0

Мектептегі мұражай

30 сәуір 2024 ж. 188

Туған өңір - тұнған өнер

29 сәуір 2024 ж. 130

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031