Балабақша пайдалануға берілді
Қазалы ауданындағы іргелі елді мекеннің бірі – Бекарыстан би ауылында 100 орындық жеке балабақша ашылды.
Жаңа балабақшаның ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысып, жаңа бөбекжайдың лентасын қиды.
– Бүгін Бекарыстан би ауылында жергілікті кәсіпкер Болат Сансызбаевтың қаржысымен тағы бір жеке балабақша сәбилерге есігін ашып отыр. Сондықтан, осындай игілікті істі қолға алып, бүлдіршіндеріміздің заман талабына сай балабақшада тәрбие алуына мүмкіндік жасаған Болат Емжайұлына шын көңілден ризашылығымды білдіремін. Осынау жаңа да әсем ғимаратта – еліміздің ертеңі болар саналы ұрпақ тәрбиелене берсін, – деді аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы.
«Ұмытшақ ана» атты жаңа балабақша қазіргі заманғы талаптарды сақтай отырып салынған. Білім беру мекемесінде балалардың белсенді қозғалысы мен дамуына барлық жағдай жасалған. Балабақшада ойын алаңдары, әр топқа арналған жатын бөлмелер, ойын бөлмелері, асхана, музыкалық аппаратуралармен қамтамасыз етілген музыка кабинеті де бар.
Осындай әдемі ғимараттың ашылуына ауыл тұрғындары да қуанышты. Бұл жөнінде құттықтау сөз сөйлеген ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Сәдуов атап өтті.
Жеке балабақшаның ашылу салтанатында Ақтөбе қаласында тұратын жерлесіміз Болат Сансызбаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту және «Туған жерге тағзым» акциясы аясында пайдалануға бергенін жеткізді.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат