Шаттығы шалқыған шаңырақ
– 16:00-де басталатын шара ғой, балам. Ауданнан ертерек шығайық, кешікпеу қажет, – деді аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Асанова тұтқаның арғы жағынан. Бірауыздан 15:00-де межеленген жерге жиналуға келістік. Алайда қоғамдық көліктердің қалаға аздығы не уақытпен санаспайтынынан болар айтқан орынға кешігіп жеттім.
Көлікке жайғасып жатып: «Айып етпеңіздер, уақытында болмағаныма» дегенім сол екен, апайлар барлығын түсіне қойды. Кідірместен «Бисмилләмізді» айтып қозғала кеттік. Жанымда отырған жандардың есімдерін естігенім болса, жүзбе-жүз жүздесуім осы. Жол қысқарсын деген Роза апай бүгінге дейін жұмыста жүріп, көрген-білгендерімен бөліссе, Қазалы қаласы әйелдер кеңесінің төрайымы Дана Сабырбаева әңгімені әріден қаузап, қызықты оқиғаларын баяндады. Осылайша аудан орталығынан 44 шақырым қашықтықты орналасқан, Бекарыстан би округіне Едіге аға тізгіндеген темір тұлпар қалай жете қойғанын да байқамай қалыппыз. Жетісімен шаруаға көшіп ауылдық мәдениет үйіндегі шараға бассұқтық.
Кешке еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін бүкіл ауыл тұрғыны жиналыпты. Барлығы орындарына жайғасып, Бауыржан Ізмағамбетов жиынды тізгіндей жөнелді.
Тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті келіскен ауылда тамырын тереңге жайған Қожақовтар әулеті бар. Міне, осы бір отбасының алып бәйтерегі Төребай мен Шынар Қожақованың отау құрғандарына 50 жыл. Мұны естіген Роза Асанова бастама көтеріп, ауылдық мәдениет үйінің директоры Бектұрған Жібекәлімен бірлесеп, осы шараны ұйымдастыруды қолға алған. Мақсат – ел ішіндегі өзгелерге үлгі болатын жандарды ел алдына шығарып құрмет көрсетіп, мерейін өсіру.
«Еңбектен тапқан бақытын» атты кеште ауылдық округтің әкімі Қонысбек Құрманбаев:
– Төребай ақсақалды ауыл ғана емес, аудан, облыс жақсы таниды. Оның ауылшаруашылығы саласындағы еңбегін ел біледі. Егін, бау-бақша да атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Өз заманында шөп шықпайтын жерге тұқым тастағанда ешкім сенбеді. Дегенмен барлығы нәтижесін беріп, көпшілік таңғаларлықтай бақшаға айналды. Ал Шынар апай осындай атпал азаматты әрдайым қолдап, көмек көрсетті. Міне, қазір Алла берген несібесінің, ел алғысының арқасында бүгінгі күнге жетіп отыр. Ұзақ жасап, ұл-қыз, немере-шөберелеріңіздің рақатын көріңіздер, – деген жүрекжарды лебізін жеткізді округ әкімі.
Осыдан соң аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Асанова сөз алды.
– Мерейлі отбасының еңбегін дәріптеп, отбасылық құндылықтарын кейінгі ұрпаққа насихаттау әрбіріміздің міндетіміз. Өйткені бұл ұрпақтан-ұрпаққа жететін мереке деп есептеймін. Қазір жастардың арасында ажырасу жағдайлары көптеп орын алуда. Олар тіршілік қиындығына төзбей, бірін-бірі түсінбей, жеңіл ойдың жетегіне ереді. Ақыр соңы ажырасуға дейін барады. Міне, біз көріп отырған Қожақовтар әулеті жастарға үлгі, – дей келе аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың Алғыс хатын табыстады.
Басқосу барысында кеш кейіпкерлерінен таныстық қалай басталғанын сұрады.
– 1966 жылы 9 сынып бітіріп, Қызылорда қаласына оқуға аттандым. Кейін сол депода көмекші машинист болдым. 1968 жылы ауылға келіп, «Арғынбек» деген қырманға жұмысқа тұрдым. Ол кезеңде қыздардың барлығы сол жерден нәпақасы табатын. Көп ұзамай шаңырақ көтеруге бекініп, қыңыр қызды өмірлік жар еттім. Шүкір, 3 ұл, 6 қыздың анасы, 42 немере мен 4 шөберенің әжесі, – деді Төребай ақсақал.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Сәдуов пен ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Құралай Бекжанова да ізгі лебіздерін жеткізіп, жүрекжарды тілектерін жаудырды. Мұнан соң «Семей – Невада» қоғамдық бірлестігінің Қазалы ауданындағы өкілі Өмірбек Күлімбетов Төребаймен әскерде бірге өткен қызықтарымен бөлісті. Сөз соңында жолдасына «Семей полигонының жабылғанына – 30 жыл» толуына орай шығарылған медаль тақты.
Жалпы Төребай Қожақов тепловоз машинисі, тракторшы, күрішші, қойма меңгерушісі болған. Зейнетке шыққан соң агробизнеске бет бұрған. Естуімізше, бүгінде оның ауласында жеміс ағашы мен көкөністердің сан түрі бар. Тіпті грек жаңғағыда осы жерде. Ал зайыбы Шынар Қожақова кәсіпкер. Ала жаздай түрлі көкөністің күтімін жасап, бақылауға алып, өнімін алып, еңбегінің жемісін көруге сатылымға шығарады. Балалары мен немерелері де бау-бақша күтімін жақсы біледі.
Айта кетейік, жиын соңында кеш кейіпкерлеріне ағайын-туыс, құда, бауырлары, іні-қарындас, ұл-қыздары мен немерелері тілек тілеп, ән айтып, гүлшоғын тарту етті.
Алыс жолды артқа тастап, шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтаған бұл шараның маңызы ерекше. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі десек, тамыры тереңге жайылған отбасының бастан өткерген қиыны мен қызығын өскелең ұрпаққа насихаттау артық болмас. Ендеше әрбір жанұя мерейлі, мәртебесі биік болса, қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық.
А.БАҚЫТҰЛЫ