Аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы сайланды
Аудан әкімдігінде өткен Қазалы аудандық әйелдер кеңесінің кезектен тыс мәжілісінде ұйымға жаңа басшы тағайындалды.Аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов осыған дейін аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы қызметін атқарған Жанат Көләноваға алғысын айтып, жаңа төрайымды сайлап алу қажеттігін тілге тиек етті.
– 2015 жылы жаңадан құрылған әйелдер кеңесімен осы уақытқа дейін түрлі шаралар мен жұмыстар атқарылды. Бұл жұмыстар алдағы уақыт да жалғасады. Сондықтан, бүгінгі кездесуімізде әйелдер кеңесінің жаңа төрайымын сайлап алуымыз керек. Өздеріңіз білесіздер, осы уақытқа Жанат Көләнова кеңестің төрайымы болып келді. Ол өз жұмысының ауқымдылығын айтып, кеңестің төрайымдылығынан босатуға өтініш білдіріп отыр. Әрине Жанат Қуанышқызы аудандық мәслихат депутаты, балабақша меңгерушісі болып қызмет атқарады. Сондықтан да бұл кісінің өтініші орынды есептеймін. Енді Өздеріңізбен келісіп отырып, аудандық әйелдер кеңесінің жаңа төрайымын сайлауымыз керек. Өйткені, кеңестің атқаратын жұмыс ауқымды. Аудандағы мемлекеттік органдармен бірлесіп, мерейлі отбасыларды насихаттау, жеткіншек ұрпақтың тәрбиесі секілді маңызды мәселелер жолындағы жұмыстарды жандандыру қажет, – деген Әлімжан Мұратбайұлы Жанат Қуанышқызына аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.
Басқосуда С.Сейфуллин атындағы №165 мектептің директоры, аудандық мәслихат депутаты аудандық әйелдер кеңесінің төрайымдығына Роза Асанованы ұсынып, бұл ұсыныс мәжіліске қатысушылар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Әйелдер кеңесінің жаңа төрайымы Роза Асанова Қазалы ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1986 жылы қарапайым жұмысшылықтан бастаған Роза Шорақызы 2003-2015 жылдары Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінде ғылыми қызметкер, ал, 2015 жылдан бастап аталған музейдің директоры қызметін атқарып келеді.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі