Ел тарихы үшін елеулі күн
Қыстың алғашқы күні, яғни, 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Күнтізбеге қызыл белгімен енетін бұл күн 2012 жылдан бері аталып келеді. Расында бүгінде әлем мойындаған тәуелсіз елдің іргесін бекітіп, керегесін кеңітіп, шаңырағын көтерген Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халық пен мемлекет алдында еңбегі орасан.
КСРО күйреген шақта, жерінің тұтастығын сақтай отырып, елдің іргесін сөкпей, татулық пен бірлікті, достық пен сыйластықты ту ете отырып, тәуелсіздігі баянды, жасампаз Қазақстан мемлекетін құра білді. Күрмеуі көп қиын шақта, соқтықпалы, соқпақсыз кезде тыңнан түрен салып, өзіне сенім артқан жұртын қантөгіссіз өркениетке жетелеген һәм дамыған әлеуетті мемлекеттердің алдыңғы қатарына қоса білген Елбасының еңбегі ерен. Демек халық алдында осындай толағай тірлік атқарған Президент күнін атап өту әбестік емес. Керісінше, қуаныш, мәртебе.
Мұндай мереке әлемдік тәжірибеде бар. Дүниенің бірқатар елдері соңғы бір ғасырда мемлекеттерінің іргетасын қалаған арда ұлдарының еңбегін елеп-ескеріп, олар тағайындалған күнді салтанатты түрде, ұлттық мейрам етіп белгілеп тойлап келеді. Өзге мемлекеттерді былай қойғанда, әлемнің алпауыт елі АҚШ Президент күніне ерекше көңіл бөледі. 22 ақпан жыл сайын АҚШ-та Президент күні деп аталып өтеді. Бұл мейрам 1782 жылдан бастау алады. Дәл осы жылы Вирджини штатындағы Ричмонд шаһарында алғаш рет АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның туған күні тойланған екен. Сөз жоқ, Штаттар елі үшін тәуелсіздіктің атасы саналатын Вашингтонның орны алабөтен. Тойлауға, атап өтуге тұратын бірегей тұлға. ХІХ ғасырдан, яғни 1880 жылдан бастап бұл күн АҚШ-та кең түрде өте бастады. Салтанатты жиындар болып, танымал саясаткерлер шешендік сөздерін арнап жатты. Ал қарапайым халық өздерінше атап өтті. Сөйтіп Президент күні халықтық мерекеге айналды. Сондай-ақ ақпан айында солтүстік пен оңтүстік соғысын тоқтатқан және Штаттар жеріндегі құлдық билікті жойған АҚШ үшін орны бөлек ұлы қайраткер, президент Авраам Линкольннің туған күні – 12 ақпан. Бұл күн ресми түрде мейрамдар қатарына қосылмаса да, көпшілік өздерінше бас қосып жатады.
1971 жылы президент Ричард Никсонның екі ұлы Президент күнін бірге атап өту жөнінде ұсыныс білдірді. Сондай-ақ өзге президенттерді де осы күні ұлықтау керектігін еске салды. Содан бері ақпан айының үшінші дүйсенбісі АҚШ-та жалпы халықтық демалыс болып, мейрам ретінде тойланып келеді. Бұл күні саяси шерулер, әртүрлі акциялар өтіп, онда халықтың рухын көтеретін әңгімелер айтылып, азаматтардың қандай мемлекетте өмір сүріп жатқандығын мақтанышпен еске салып отырады. Дәл осындай мереке біздің елімізде де жаңғырып, жаңаша жағдайда тәуелсіздігімізді паш етіп, аталып өтіп жатса несі артық? Біріншіден, бұл мемлекеттің іргетасын қалаған Тұңғыш Президентке ілтипат, екіншіден халық қандай елде тұрып жатқанын, басынан қандай нәубет өткенін еске алып, сыйластыққа, достыққа шақыру, береке-бірлікке жетелеу күні болмақ.
Қазақ «Тәуекел ет те, тас жұт» дейді. Елбасының атқарған ауқымды қызметін бағамдайтын болсақ, ең алдымен, осы тәуекелге арқа сүйегенін байқауға болады. Тарих тереңінен тарқатсақ, «Күн сөнгенше, сөнбейді» деген КСРО бір күнде күйреп сала берді. Шырмауықтай шырмалған жоспарлы экономиканың белбеуі үзілді. Қазақстанға қарасатын ешкім қалмады. Бәрін де тыңға түрен салғандай жаңадан бастауға тура келді. Мемлекет басшысының ұстанған екі бағыты – демократия мен нарық. «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» дейді ұлы Абай. Президент Н.Назарбаевтың Тәуелсіз мемлекет құру жолындағы іс бастауы оңынан болды. Аз уақытта ғасырға татырлық жұмыстар атқарылды. Шекара шегенделді. Төл теңгеміз айналымға түсті. Елдің қорғаныс қуаты артты. Ішкі-сыртқы саясаттың бәрі оңғарылды. Атом аждаһасының ошағы жабылды. Астана қаласы салынды. Санай берсек бір адам емес, мың адамның атқарар ісінің бастауы шыға береді.
Хәкім Абай 41-қарасөзінде «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек» деп кеткен екен.
Осыдан-ақ Абайдың айтып отырғаны – осы күнгі президенттік билік екенін аңғару қиын емес-ті. «Жарлық қолында бар кісі» деген – президент лауазымы болса керек. Тәуелсіз Қазақстан Республикасында толыққанды жүзеге асырылған реформалар мен ауқымды, өзекті іс-шаралардың барлығы да негізінен алғанда Елбасы Жарлығымен атқарылды.
«Балаларды дұрыс жолға салу» тұрғысындағы Абай өсиеті Мемлекет басшысының Жарлықтарымен жүзеге асырылды. Бір ғана «Болашақ» бағдарламасын айтсақ та жеткілікті. Сонымен қатар Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептерінің ашылуы, Абай айтқан «дүниеде көп есепсіз ғылым жолдарын» игеруге саяды.
Тұңғыш Президент күні – тарихи таңдау күні. Ынтымағы жарасқан, бірлігі бекемделген барша Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтасу кезеңі.
А.БАҚЫТҰЛЫ