Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Вундеркинд Бақдәулет

Вундеркинд Бақдәулет

Адам баласының есейе келе оқуда озат атанып, биік шыңдарды бағындыруы тал бесіктегі тәрбиеден басталса керек. Бұл тұста үйдегі ата-ананың баланы зеректік, алғырлыққа баулуы маңызды. Дүние тануға қызығушылығы мол өскіннің бойында жаңа дүниенің қыр-сырын меңгеруге деген дағды қалыптасады. Оларды тәрбиелеуде отбасы мен ұстаздарының еңбегі зор екенін де ұмыт қалдырмаған жөн. Соның арқасында білім бәйгесіне салсаң қатарластарынан әлдеқайда алыс шабатын оқымыстылар шығады. Бүгінде Қазалыда мұндай вундеркинд аз емес. Кеше ғана жас көшбасшылар жиынында ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен кездесіп қайтқан Бақдәулет Амантаевты да оза туған оқушы десек жарасады.
Он жетіден асқан Бақдәулет Қазалыдағы №266 мектеп-лицейінде әріп таныды. Білікті ұстаздар жиылған білім ордасында 6 сыныпқа дейін үздік оқыды. Осында жүріп-ақ математика, физика секілді пәндерден олимпиадаға қатысып, кез келген бәйгенің алдыңғы сапынан көрінді. Арманы асқақ жеткіншек жетінші сыныпқа көшкенде Қызылорда қаласындағы дарынды балаларға арналған білім инновация лицейіне қабылданады.
Өңірдің дарындылары топтасқан орта Бақдәулеттің одан әрі шыңдалуына сеп болса керек, оқуға шындап ден қойды. Жыл өтпей-ақ Қазақстан білім олимпиадасына қатысып, мықтылармен бәсекеге түсті. Ақыры ағылшын пәнінен өткен облыстық олимпиадада алтыннан алқа тағып, республикалық кезеңге Сыр елінің абыройын асқақтатып қайтты. Додадан олжа алмай қайтпайтын өрен өткен жылы лицей ұжымының басым дауысымен дарындылардың президенті болып сайланды. Мұнымен қоса лицей көшбасшыларының құрылтайына қатысып, білім министрімен кездесу құрметіне ие болды.
– Қазақстанның әр облысынан келген көшбасшылар жиыны өзімді қай қырымнан дамыта беру керегін ұқтырды десем болады. Өйткені дөңгелек үстел басындағы еркін кездесуде келешектегі білім реформасы жайында өрбіді. Асхат Аймағамбетовпен білім жүйесіндегі лайықты өзгерістер, Ұлттық бірыңғай тест, IELTS, SAT туралы, кітап оқудың маңызы жайында пікір алмастық. Дәл осы тұста болашақ жастардың қолында екеніне анық көзім жетті. Өйткені ел ағаларының, халықтың бізге артқан сенімі, үміті зор екенін түсіндім, – дейді Бақдәулет Дулатұлы.
Қазірдің өзінде бес тілде еркін көсілетін білгірдің мақсаты айқын. Келешек тағы бірнеше тілді меңгеріп, шетелде білім алғысы келеді. Ол үшін алғашқы қадамды әлдеқашан жасап қойған. Шетелдің озық университеті қызығатын «портфолио» жасауға жең түре кіріскенін айтады. Тіл үйренушілер жақсы түсінеді, «тіл тасымалдаушы» деңгейіне жету үшін талапкер IELTS сынынан жоғары ұпай жинау керек. Бұл кез келген кәсіби пән мұғалімінің қолынан келе бермейді. Бақдәулет жақында ғана деңгейін тексеруге сынақ тапсырып, 8.0 ұпай алды. Бұл өңірдегі оқушылар арасындағы қол жеткізуге болатын ең жоғары ұпай екенін білдік. Тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым сынынан мүдірмей өткен жерлестің осыдан кейін өзіне деген сенімі еселене түскен.
– Тіл меңгеруді мақсат еткен адам үшін IELTS-тің жоғары деңгейлік сертификатын иелену – білімнің жасырын қазынасына жолдама алумен тең. Арманға жету үшін өзіңе деген сенімділіктің маңызы зор. Айналамдағылар ағылшын тілі мұғалімі боламын деген арманыма таңдана қарайды. Мұның астарында қазақ балаларын халықаралық деңгейдегі додаларда дес бермейтін оқушы тәрбиелеп шығару, елдегі білім беру ісін ілгерілетуге құлшыныс жатқанын көп адам байқай бермейді. Ата-ана, жақындарымның еңсесін тіктейін деген мұрат-мақсат мені осындай шыңдарға шығарып келеді. Арманыма жетуде олардың сенімі жерге жықпасы анық, – дейді оқу озаты.
Бақдәулет бос уақытында музыкалық аспапта ойнағанды, шет тілінде кітап оқуды дұрыс санайды.

Р.ҚАЙРАТҰЛЫ
13 қараша 2021 ж. 490 0

Ел өзегі – мемлекеттік тіл

24 желтоқсан 2024 ж. 28

Өнегелі өмір өрнегі

24 желтоқсан 2024 ж. 32

Басты мақсат – халық игілігі

24 желтоқсан 2024 ж. 29

ЖАРҚЫРА, ШЫРША ШАМДАРЫ!

24 желтоқсан 2024 ж. 28

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031