Тәттілері тіл үйірген аспаз
Бүгінде ауданда кәсіпкерлік кең қанат жайып отыр. Жеке ісін ашқандар саны ай сайын артуда. Мемлекет тарапынан қаржылай қолдауды тиімді пайдаға асырып жүргендер аз емес. Сол мүмкіндікті құр жібермеген көпбалалы ана Жаңагүл Шарапат қазір өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол Қазалы қаласы тұрғындарына қалтқысыз қызмет көрсетуде. Үй жанынан ашқан “Дария тәттілері” атты кондитерлік цехы тәулік бойы жұмыс істейді. Торт пісірудің қыр-сырына қаныққан аспаз оны әзірлеудің керемет технологиясын қалыптастырды.
Жаңагүл бүгінде дастарқан мәзіріне арналған кондитерлік өнімдердің жиырмадан аса түрін дайындайды. Оның айтуынша, ас мәзірін пісіру бала кезгі арманы. Ақтан батыр ауылындағы №190 орта мектептен тоғызыншы сыныпты бітірген соң №8 кәсіптік лицейден аспаздық мамандықты меңгеріп шығады. Алғашында таныстарының тапсырысы арқылы той дастарқанына тәттілер мен самса, құймақ, пицца пісіріп нәпақасын тапты. Кейін жеке цех ашуды көздеген жас ару аудандық кәсіпкерлер палатасында “Бастау бизнестің” бір айлық курсына қатысады. Соның арқасында бес жүз мың теңге грант алады. Сондай-ақ инновациялық грант түрінен ерекше жоба бағамына орай үш жүз сексен мың теңгені иемденеді.
– “Бастау бизнес” жобасының жеке кәсіп ашушыларға пайдасы мол. Оқу барысында көп нәрсеге қанықтым. Біраз сауат ашып, білім толықтырдық. Көпбалалы ана ретінде берілген жеңілдіктің маған көп көмегі тиді. Мемлекет тарапынан ұсынылған мұндай мүмкіндікке дән ризамын. Қайтарымсыз грантқа қол жеткізгеніме аса қуаныштымын. Қажетті қаржы алуыма кеңес берген жандарға алғысым шексіз. Бұның цех ашып, жаңа құрал-жабдықтар алуыма септігі тиді. Тапсырысты тәулік бойы қабылдаймыз және тегін жеткізу қызметін де көрсетеміз, – дейді кәсіпкер келіншек.
Қазір жұбайы Өмірбек екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Кәсіпкер торттың түрімен қатар дәміне де көңіл бөлу маңызды екендігін алға тартты. Тұтынушылардың талғамы әртүрлі. “Кейде “Дәміне қарағанда сыртқы түрі әдемі болса” деп өтініш білдіретіндер де кездеседі”, – дейді Жаңагүл.
Тәттілері тіл үйірген көпбалалы ананың өнімдеріне тәнті қазалылықтар саны күн санап артып келеді. Олар көңілден шыққан өнімге алғаусыз алғыстарын білдіріп, тұрақты тұтынушы қатарын толықтыра түседі.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА