Ресей көлігіне тықыр таяды ма?
Өткен жылы елге шетелден алынған, бірақ Қазақстанда рәсімделмеген көліктер саны шектік деңгейге жеткені мәлім. Бұл жол көлік оқиғасының көбеюіне, заңның жиі бұзылуына алып келген еді. Министрлік мәселенің байыбын кеш түсінгенде Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүз мыңдаған жатжұрттық көлік жүйіткіп жүрді. Әрине, бұл отандық көлік сатып алуға қаржысы жетпеген халық үшін дүкендегі жеңілдіктей көрінгені рас. Жағымды жағы – шетелден келген көпорындық көліктердің көпшілігі жолаушылар тасымалымен айналысып, нәпақасын айырды. Алайда билік көлікті уақытша болса да тіркеуді міндеттегенімен, барлығы салық басқармасына барды деп айту қиын. Өткен айдан бастап отандық бұқаралық ақпарат құралдары тіркелмеген көлік иелері қандай қиындыққа ұшаруы мүмкін екенін жарыса жазса, кешеден бастап Ресей нөмірін таққан көліктер айыптұраққа қамалып жатыр.
Шынтуайтына келгенде, ресейлік «жигулиі» қазір балалардың велосипед мінгеніндей дүниеге айналғаны жасырын емес. Көлік тізгіндегендердің көпшілігі кәмелет жасқа кеше толған жігіттер екенін жиі байқаймыз. Жалпыға ортақ ережемен қозғалса мейлі дерсіз. Жастығы жалындағандар бағдаршамды елемей, жол ережесін пысқырмайтын күйге жетті. Бұл сөзімізді қазалылық кез келген жүргізуші қоштай кетер еді. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жұлқынғанның талайын жолда тоқтатып, айыппұл арқалатып жібергенін білеміз. Көлігі тіркеуде жоқ себепті ұстатпай кеткені қаншама?! Осы олқылықты орнына келтіру үшін полицейлер заңсыз көліктердің ісімен шындап айналыспаққа ұқсайды. Таяқтың екінші ұшы жаттан келген жаман көлікпен отбасын асырап отырғандарға оңбай тигелі тұр.
– Кешеден бері кент көшелерінде полицейлердің көрінуі көбейді. Бірнешеуі базар маңында жұмыс істеп тұрды. Жігіттер шетелдік көліктерді автотұраққа қамап жатқанын жарыса айтуда. «Кесірі бізге де тиіп кетпей ме?» деген күмән бар. Жақында ғана дүкенге зат тасу мақсатында алған көлігімді уайымдап қалдым. Біреу еріккенен мінсе, екіншісі онымен нан тауып отыр ғой. Соны биліктегілер ескерсе екен. Олай болмаса күн сайын бағасы өсіп тұрған «қазақ» көліктерінің құнына құрық салсын. Арба сынбайтын, өгіз өлмейтін жолды табуға болатын шығар, – дейді Ықылас Сыздық есімді жүргізуші.
Жүргізушілер хабар сұрап жүгінгесін аудандық полиция бөліміне қоңырау соқтық. Полиция бастығының орынбасары Айбек Алиев күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқандарын жасырмады.
Сөзіне сенсек, Қазақстанда жүрген 88 мың көлік Ресейдегі тіркеуден шығарылған. Техниканы сенімхат арқылы иеленгендер мүлкін салық органдарына тіркемегені бесенеден белгілі. Мінезді мәселені қай тұсынан келіп шешерін білмей жүрген полицейлер тіркеуде жоқ көліктерді анықтауға бұйрық алған.
– Қазіргі таңда еш жерде тіркеуде жоқ техникаларды анықтау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ресей нөмірін таққандарды тоқтатып, орталық базаға мәлімет береміз. Олар заңды немесе заңсыз екенін айтады. Заңсыз қозғалыс жасағандарға Оның 590 бабы, екінші бөлігімен айыппұл салынуда. Зерделеуден өткен көліктер кедергісіз қозғала береді. Әзірге үш көліктің тіркелмегенін анықтап, айыптұраққа қойдық. Тексеру шаралары қараша айының 15-іне дейін жалғасады деп жоспарланған. Тұрғындардың түсіністікпен қарауын сұраймыз, – деді А.Алиев.
Шетелдік көлік иелері кездесетін қиындықтар жайында күн сайын жаңа ақпар тарап жатса да, қазақстандықтар арзан көлік иемденуден жүрексініп отырған жоқ. Жатжұрттық техникаға тексеріс, олардың қозғалысына көзге көрінбейтін кедергілер әлі де еселенуі мүмкін екені анық. Әзірге дана жұрттың: «Қайғысыз ішкен қара судың қаймағы бір елі» деген тәмсіліне сүйеніп, қымбат та болса «қазақ» тұлпарын мінгеннен артығы болмай тұр.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ