Маңдай тердің мерейі
«Жеріне қарай, егін ек» дейді қазақ. Қазір елімізде ебі мен жерін тапқанға қыс мезгілінде де мол өнім алуға болатын жылыжай шаруашылығы жан-жақты даму үстінде. Ауданда аталған сала бойынша бел буып, білек сыбана кіріскен кәсіпкер, тұрғындарға табиғи өнімді ұсынып отырған жылыжайдың иесі – Шалғынбек Наурызбаев. Ол кент ішінен 18 сотық жердің көлемінде қияр мен қызанақ өсіріп, қазалылықтарды жергілікті өніммен қамтуда.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жылыжайға арнайы барып, шаруашылықтың жұмысымен танысты. Атқарылған шаруалар жайлы сөз еткен басшылар өнімді баптау барысын көзбен көріп, көңілге түйіп қайтты.
Биылғы жылдың алғашқы өнімін еңбекқор шаруа ерте көктемде жинап, базарға саудалаған. Бағбан жұмысының да қиындығы жеткілікті. Кәсіпкердің өзі қызанақ пен қиярды баптау «баланы өсірумен» бірдей еңбекті, шыдамды талап ететінін атап өтті. Жылы жерден сыртқа шыққан адамның тері қатып, ауырып қалатындығы себепті көбісі жылыжай жұмысынан қашады-мыс.
Айта кету керек, жылыжайдың ішкі температурасын түнде +10, күндіз +30 градусқа дейін ұстап тұру қажет. Алғашқыда табиғи отынмен жылытқан кәсіпкер қазіргі таңда қатты отынды пайдалануда.
Отбасылық кәсіп ретінде ашылған жылыжайдағы қияр биылғы жылдың өзінде екінші рет өнім беруде. Ал қызанақ алдағы он күннің шамасында піседі. Қиярдың бағасы 300 теңге. Қол еңбегімен келетін өнімнің құнары мен сапасы туралы:
– Өнімдерге тамшылатып суару арқылы кешенді витаминдер беріледі. Яғни, темір сияқты адам ағзасына қажеттілер қызанақ пен қиярдың бойында болады. Сондықтан болар көпшіліктің сұранысында. Әсіресе, орыстар күз кезінде салат басу үшін біздің өнімді сұрайды. Жергілікті тұрғындардан бөлек Байқоңыр қаласынан келіп, арнайы сатып алушылар бар, – дейді Шалғынбек Наурызбаев.
Көктемде 20 тонна өнім берген жылыжайда қиярдың «Берг Ф1», қызанақтың «Комфорд» сорты өсірілуде. Ал кешенді витаминдер беру үшін «Swiss Grow» тыңайтқышы қолданылады. Жылыжай ашуға өз қаржысын құйған азамат кешенге қажетті жабдықтарды Ираннан алдырған.
Кәсіпкер жаңа идеясымен бөлісіп, орталықтан ет өндірісіне жауапты сауда орнын ашу керек екенін, базар бағасынан түсіріп, малдың етін тексеріп алатын, одан кейін тұтынушыға бөліп төлеуге болатындай заңгермен, арнайы мамандармен қамтылған бір орын керектігін жеткізді.
Аудан басшысы Мұхтар Әуесұлы еткен еңбек, төккен тердің жемісі халықтың сұранысын сапалы өніммен қамтамасыз етуде деп білетін Шалғынбек Наурызбаевтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Д.МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ