Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қажет кәсіп тіршілікті тіктейді

Қажет кәсіп тіршілікті тіктейді

Кәсіпкерлік саласынан ауданның деңгейі өзгелерден көш бастап тұрғаны рас. Жергілікті жұртшылық егіншілік, балық шаруашылығы, мал шаруашылығы, қолөнер секілді істің қай түрін болса да иіріп әкетеді. Ол қатарда Майдакөл ауылының тұрғыны Талап Дүзбаев та бар. Ол ала жаздай егін егіп, қазірде маңдай термен баптаған өнімнің жемісін көріп отыр.
Күз келісімен көкөніс, жеміс-жидегін жинап алған өнімін сату егіншінің басты шаруасы. «Дүзбаев» шаруа қожалығы өздері еккен 30 тонна қарбызды аудан тұрғындарына сатқан.
Шаруашылық бригадирі Талап Дүзбаевтың айтуынша, ағайындарымен бірге жыл сайын 15 гектар жерге бақша дақылдарын егеді. Оның ішінде қарбыз егуге көбірек басымдық береді. Өйткені дәмі тіл үйіретін шаруашылықтың қарбыздарына сұраныс жоғары.
– Жер құнарлы болғандықтан, бақша өнімдерін күтіп-баптауда қиындықтар болмады. Сол еңбегіміздің жемісін көріп, алған өнімдерімізді жақын елді мекендермен қатар, Арал ауданына апарып сатудамыз. Тұрғындар біздің қарбызға өте жоғары бағалап, сатып алып жатады. Бау-бақшаға суды «Бозарық» каналынан насоспен тартып, суарамыз. Биыл жаздай бақшаны күтіп-баптау, арам шөбін отау, өнімді жинау, басқа да жұмыстарды отбасымызбен атқардық. Басты ерекше көңіл бөліп отырғанымыз қарбыз болғанымен, алдағы уақытта басқа да көкөніс, жеміс-жидекке басымдық беретін боламыз. Мәселен биыл асқабақ пен картоп та мол өнім берді. Берекелі кәсіпті науқанында жүргізіп, келер жылға одан да үлкен жоспар құрып қоямыз. Ендігі егін орнын кеңейту ойда бар, – дейді Талап Дүзбаев.
Кәсіпкердің сөзіне сенсек, бүгінгі күнге дейін «Дүзбаев» шаруа қожалығы 100 тоннадан астам қарбыз сатқан. Одан бөлек жуырда ғана 60 тоннаға жуық қарбыз Ақтөбе қаласына жөнелтілген. Ауыл әкімі Нүркен Серәлиевтің айтуынша, елді мекендегі кез келген тұрғын кәсіп бастайтын болса, оған көрсетілетін қолдау ерекше екен.
– Жылдан жылға ауылда жеке кәсіпкерлердің қарасы қалыңдап келеді. Түрлі идеямен келіп, грант жеңіп алып жатқандар да жоқ емес. Ал ауыл тұрғыны Талап Дүзбаев гранттың көмегінсіз-ақ қазір егінмен айналысып, шаруасын ширатып отыр. Биылдың өзінде жылдағыдан жоғары нәтиже көрсетті. Қарбызы Ақтөбеге баратын жолда, ауданның аумағындағы бірнеше ауылдарға тарауда. Бизнес бастаймын деген жергілікті жұртшылыққа қолдан келгенше жағдай жасаймыз, – деді Нұркен Жарболұлы.
Таңның атысы, кештің батысы қасиетті қара жердің төсінен нәпақасын тауып жүрген еңбекқор азамат, ерінуге болмайтынын айтады. «Есесіне оның артында көл-көсір табыс тұр», – дейді ол.

А.БАҚЫТҰЛЫ
31 тамыз 2021 ж. 432 0

Мектептегі мұражай

30 сәуір 2024 ж. 186

Туған өңір - тұнған өнер

29 сәуір 2024 ж. 128

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031