Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Егіннің жайын еккен білер

Егіннің жайын еккен білер

Бұған дейін биыл аудан бойынша 17 675 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналасқанын жазған болатынбыз. Оның ішінде 7616 дәндi, 108 майлы, 7701 мал азықтық дақылдар, картоп, көкөнiс, бақша 2250 гектар. Негізгі дақыл күрiш 6496 гектарға егілген. Қазір күз мезгілінің бір айын артқа тастадық. Ауданда астық жинау науқаны қызу қарқынмен өтуде.
Орналастыру барысында әртараптандыру бағытындағы дақылдарға ерекше мән беріліп, нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда олардың көлемі 452 гектарға артты. Егістен межелі өнім алу мақсатында шаруашылықтар 4681 тонна минералды тыңайтқыш және зиянды организмдерге қарсы күрес жұмыстарын жүргізу үшін 7890 литр пестицидтер пайдаланды.
Осы жылы картоп, көкөніс, бақша дақылдарынның өндірістік негіздегі егіс көлемі артқан. Сарыкөлден «Данияр» шаруа қожалығы 20, Ақжонадан «Дүзбаев Әсет» шаруа қожалығы 23 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егіп, қазір өнімдерін өткізуде.
– Қазіргі уақытта, жаздық бидай 790 және арпа 300, 93 гектар мақсары дақылдары түгелімен жинап алынып, күтімге алынған 4367 гектар ескі жоңышқаның 600-ін тұқымға қалдырып, 3767 гектары екі рет орылып, барлығы 10 728 тонна жоңышқа шөбі жиналды. Бұдан бөлек, алдағы мал қыстату науқанына байланысты бүгінгі күні 75,6 мың тонна табиғи шөп дайындалды. Сонымен қатар ауданда көкөніс және бақша дақылдарын жинау жұмыстары жүргізілуде, – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Күмісбек Ерімбетов.
Науқанға техникалар да сақадай сай тұрды. Қолда бар 42 комбайын, 29 жатка, 115 трактор, 40 жүк көлігі және 59 трактор тіркемесі егін жинау жұмыстарына қатысуда. Күріш орағына қатысатын жатка мен комбайынның 22 данасы шетелдік жоғары өнімді, сапалы, заманауи техникалар – Джон-Дир, Класс және Магдон. Шаруашылықтар бойынша егін жинау науқанына қатысатын техникаларға қажетті қосалқы бөлшектер мен қою май және жағар майдың қосымша қорлары жеткілікті көлемде қамтамасыз етілген. 2020 жылы шаруашылық құрылымдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы және басқа да қаржы көздерінен 652,5 миллионға 22 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды жоспарлап, бүгінгі күнге 359,0 миллион теңгеге 16 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.
Күзгі егін жинау және дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан кепілді бағамен босатылатын 1093 тн дизель отыны бөлініп, оператор болып «Нефтьтранс-Қызылорда» ЖШС белгіленіп, шаруашылықтарға әр литрін 165 теңгеден жеткізіп беруде. Бүгінгі күні шаруашылықтарға 480 тн дизель отыны таратылды. Сондай-ақ шаруашылықтар өз қаражаты есебінен нарықтан 290 тн дизель отыны және 40 тн қою май дайындады.
Аудан бойынша күріштің суын байлау, ору және бастырудың кестелері бекітіліп, күріш алқаптарынан суын тарту тамыз айының 5 жұлдызынан ­басталды.
Ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының мәліметінше, бүгінгі күні ауыл шаруашылығы құрылымдары бойынша 6496 гектар күріштіктің сағасы толық байланды. Сонымен қатар, қазіргі таңда 4300 га күріштіктің сулары қашыртқыланып орақ салу жұмыстарына дайындалуда. 2315 гектар жердің күріші ораққа салынса, 1315 гектар жердің күріші бастырылып жалпы өнім 5273 тоннаны құрап, орта өнім 40,1 цн/га айналуда.

Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ
29 қыркүйек 2020 ж. 1 015 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031