Теміржолда толымды тірлік бар
Теміржол – елдегі жолаушылар қатынасы мен жүк тасымалының күретамыры. Тәуелсіздікпен бірге қайта түлеп, ырысы мен несібесі молайып жатқан саланың аудан экономикасын жоғарылатуға, халықтың әл-ауқатын арттыруда тигізіп жатқан үлесі орасан. Жүздеген адамды жұмыспен қамтыған тарихы бай мекеменің аймақ теміржолшылары арасында алар орны бөлек. Сондықтан да осындай құрыш білек, жалын жүрек жұмыскерлердің өмірде ерекше белсенділік танытатын, әрдайым еңбекті жанына серік ететіні атқарған істерінен байқалады.
Қазалылықтар «депо» атап кеткен үлкен жүйе ішінде аудандағы ең ірі өндіріс орны саналатын бірнеше зауыт жұмыс істейді. Шойын жолдағы жүйіткіген темір тұлпарлардың діттеген жерге кедергісіз жетуі, жолаушылардың қауіпсіздігі тікелей осындағылардың ерен еңбегінің арқасында жүзеге асады. Жаңа әкім ең әуелі Нұрлан Алмағамбетов басшылық жасайтын Қазалы локомотив жөндеу зауыты мен Талғат Әліпбаев басқаратын Қазалы вагон жөндеу депосының жұмысына қанықты.
Шойын жолдағы қос ұжымның қол жеткізген табыстары көз қуантарлықтай. Республиканың әр аймағынан алынған тапсырыстар уақытылы орындалып, қызметкерлер жемісті еңбек етуде. Саланың әлеуеті жөнінде теміржол мекемелерінің басшылары егжей-тегжейлі баяндады. Мұнан бөлек аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалы вагон жөндеу депосы, Қазалы көлік-техникалық колледжі мен Қазалы темірбетон бұйымдарын шығару зауытына арнайы барып, ондағы жүйелі шаруамен де танысты.
Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі аудандағы кәсіби білім беріп, теміржолшыларды дайындайтын бірден-бір оқу орны. Өткен ғасырдың 30-жылдары ашылған оқу ордасының қол жеткізген жетістіктері де жетерлік. Қазіргі таңда оқу орны еңбек нарығына аса қажетті 11 мамандық бойынша жан-жақты кәсіпқой жұмысшы мамандарды оқытып, дайындауда. Колледждегі 600-ге жуық студентке 120 инженер-педагог білім беруде.
Мұнда арнайы келген аудан басшысына мекеме директоры Болатбек Ахметов оқу орнының материалдық-техникалық базасы және колледж жанынандағы өлкетану мұражайымен таныстырды. Сонымен қатар жаңадан «Жас маман» жобасымен құны 300 миллионнан асатын заманауи құрал-жабдықтар келіп жатқанын қуанышпен жеткізді. Өз кезегінде аудан басшысы теміржол саласына қажетті сапалы мамандарды даярлау ісіне сәттілік тіледі.
Мұхтар Әуесұлы аялдаған келесі нысан – Қазалы темірбетон бұйымдарын дайындау зауыты болды. Республиканың әр түкпірінен тапсырыс қабылдап отырған мекеменің директоры Сәбит Өтегенов зауыт жұмысын баяндады.
Темірбетон зауытының тарихы 1978 жылдан басталады. Қазіргі таңда зауыт негізінен аудандағы құрылыс нысандарын бетонмен қамтамасыз етуде. Олар үйге қажетті құрылыс заттарынан бөлек жолға, көпірге тиімді темірбетон бұйымдарын дайындауда. Мекеме 2021 жылдың 1 тоқсанында құны 195,9 миллион теңге болатын 14 мың текше метр бетон шығарды.
А.ЖОЛТЕРЕК