Жұмысы жанданған зауыт
Тарихы тереңге кеткен шойынжол шеберханалары жерлестердің атакәсібіне айналып үлгергеніне ғасырдан асты. Қазіргі таңда аудан көлемінде түрлі бағытта жұмыс атқаратын бірнеше депо бар. Соның бірі – құрметті теміржолшы Н.Әлмағамбетов басшылық жасайтын Қазалы локомотив жөндеу зауыты. Жыл сайын жақсы нәтиже көрсетіп, республика деңгейінде жоғары сұранысқа ие болған кәсіпорын соңғы тоғыз айда толымды тірлік атқарған.
Уақытпен санаспайтын сала өкілдері кешегі карантин мезгілінде де санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұмысын жалғастырды. Мұнда қазірдің өзінде күнделікті қызметкерлерге коронавириусқа қатысты түсіндірме жүргізіліп, маскалық режим қатаң бақылауда.
Осы жылы олар техникалық қызмет көрсету бойынша тапсырысты 100 процентке орындаған. Мекемеге негізгі тапсырыс беруші «Қазақстан теміржолы жүк тасымалы» АҚ болып табылады. Зауыт ол жақтан 60% тапсырыс қабылдаса, қалған 40% бөгде тараптардан алынады.
Биыл Қазалы локомотив жөндеу зауытында алғаш рет ЧМЭ-3 сериялы, «6544» маркалы чехославакиялық маневрлік электрлі қозғалтқышты қуатты тепловозы жөндеп шығарылды. 5 айда аяғына тұрған бұл тепловоздың ерекшелігі – электрлі динамикалық тежегіш орнатылған кабинада бір адамдық басқару қондырғысы жетілдірілген. Барлық электрлік сызбалары заманауи түрде жаңғыртылып, микропроцессорлық басқару жүйесі енгізілген. Ауыр салмақты құрамаларды тартуға мүмкіндігі мол. Заман талабына сай қондырғылармен қамтамасыз етілген бұл техниканы игеруге зауыттың жұмысшы-қызметкерлері біліктіліктерін жұмсап, жоғарғы кәсіби шеберліктерін жетілдіре отырып қол жеткізді. Айназар Садықов, Асылбек Таңжанов, Айдәулет Ембергеновтер ЧМЭ тепловозының жөндеуден сапалы шығуына аянбай еңбектенген мамандар. Ден қойып жасаған еңбек ақталды. Себебі Қарағандыға жөнелтілген тепловоз сапасы жақсы бағаға ие болып, келешекте де екіжақты келісімшарт арқылы жұмыс жанданады.
420 адам жұмыс істейтін ұжымда тәртіпті қатаң сақтауға, еңбек өнімділігін арттыруға ерекше маңыз берілген. Әрбір маманнан жауапкершілік қатаң сұралады. Іс барысында оның кәсіби шеберлігінің деңгейі, ізденісі мен тәжірибе ескеріліп отырады. Мамандарды қызмет сатысы бойынша өсіргенде де оның біліктілігіне, көшбасшылық қабілетіне айрықша назар аударылады.
Зауыттың жұмысшы-қызметкерлеріне әлеуметтік көмек көрсету мақсатында зауыттың бюджетінен қаражат жоспарланып игеріліп отырады. Кәсіби шеберлікті жетілдіру міндетті. Соған орай зауыт қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағытында 116 маман, оның ішінде: инженерлік-техникалық қызметкерлер, цех шеберлері, электрогазосварщиктер, компрессорлық қондырғы, бу-қазан, аспалы кран, теміржол кран машинистері, стропольщиктер Нұр-Сұлтан қаласындағы «Kamkor Service» ЖШС мекемесімен келісімшарт жасалып электр қауіпсіздігі, қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақтау, өндірістік қауіпсіздік оқу курсынан өтті. Өндіріс ырғағын ұйымдастыруда жетекші мамандарға үлкен үміт артылады. Сондықтан ұжымның шешуші учаскелерінде қажырлы еңбек етіп жүрген мамандар есімі әрқашан құрметпен аталады.
Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ы тарапынан өндірісті модернизациялау шараларына сәйкес жұмысшылардың орнын сақтап қалу мақсатында Қазалы локомотив жөндеу зауыты бойынша 2020-2022 жылдарға болжам жасалып, ауқымды іс-шаралар бекітілген. Негізгі тапсырыс беруші және сыртқы мекемелермен келісімшарт жасалды. Атап айтатын болсақ, Астана қаласы, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ, Байқоңыр қаласы, ФГУП «ЦЭНКИ» «Южный-Космос» орталығы, Рудный қаласы, «Соколов – Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, Теміртау қаласы, «Арселор Миттал-Темиртау» АҚ, Қарағанды қаласы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ, Өскемен қаласы «Востокцветмет» АҚ, Ақтөбе қаласы, «Желдортранс Ақтөбе» ЖШС, Семей қаласы, «Шығыс Қазақстан ұн-құрама жем комбинаты» АҚ; Ақтөбе қаласы, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС сияқты мекемелермен қызу жұмыс жасалуда.
Бұның бәрі болат жолы бойында өз міндетін мүлтіксіз атқарып жүрген зауыт еңбеккерлерінің ерен еңбегінің арқасында алынған асу екенін айрықша атап өткіміз келеді. Қазір табыстың кілтін тапқан ұжым, сан қумай, әрдайым сапа үшін күресуде. Бұл қадам оң өзгерістердің өркен жаюына игі әсерін тигізуде. Іргелі істің алға басуына ұжымның қосқан үлесі қомақты екені тағы талассыз. Ендеше ел игілігі жолындағы төккен тердің жемісті болып, жағымды жаңалықтар алдағы уақыттарда да жалғасын тауып, жұмыс көлемі мұнан да арта түсетініне сенім мол.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ