Тығырықтан табылған жол
Су жүрген жерді молшылыққа балаған Сыр өңірінің тұрғындары ертеден тұрмысын осы саламен байланыстырған. Алайда табиғаттың бұл байлық қорының жыл санап көлемі тарылып жатқанына назар аудару оның әлеуметтік маңызы мен еліміз үшін стратегиялық мәнін ұғындыруда. Сондай-ақ биылғы мамыр-маусым айларындағы ауа температурасының салқындығы, өзен суының айтарлықтай азаюы салдары егін салып, мал баққан шаруаға оңай тимеді. Алайда ырыстың көзінен кірістің өзін тапқан рзалықтар уақыт талабына ілесіп, өз шаруаларын одан әрі ілгерілетуде.
Осы орайда ауыл шаруашылығындағы фермерлерге суару үнемдеу әдісіне, оның ішінде, тамшылатып суаруға көшу маңыздылығын уақыт көрсетуде. Бұл бағыттағы үлкен қанатқақты жоба аймақ бойынша алғаш болып Қазалы ауданында қолға алынып отыр. Ол «РЗА» АҚ-ның су үнемдеу технологиясы арқылы мал азықтық дақылдар өсіру жобасы.
Бұған дейін мамандар Қызылорда облысында суармалы суды үнемдеу және тиімді пайдалану бойынша толық шаралар кешенін енгізу қажеттілігін алға тартқан болатын. Олардың қатарындағы заманауи су үнемдеу технологияларын қолдану – су тапшылығының кері әсерін азайтудың бірден-бір жолы. Бүгінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын ұлғайтып, егін шаруашылығында суды аз қажет ететін, экономикалық жағынан тиімділігі жоғары, сыртқы нарықта сұранысы мол дақылдарды егу қолға алынуда. «РЗА» АҚ «РЗА-Асыл түлік» ЖШС-да жүзеге асқан аграрлық ғылымның озық жетістіктерінің бұл түрі көптің қызығушылығын танытып отыр.
Жаңбырлатып суғару тәсілімен дақылдар өсіріп, құнарлы мал азығын дайындайтын жоба құны 600 млн теңгені құрайды. Германиядан жеткізілген 41,3 млн теңге тұратын дренажды құбырлар мен 25,7 млн теңгелік арнайы соқа, испандық «RAESA» компаниясында құрастылыған 206,3 млн теңгені құрайтын жаңбырлатып суару қондырғысы серіктестіктің «Ақөзек» учаскесіндегі орналасатырылған. Аймағы 87 гектар жерге жасалған тәжірибе өз нәтижесін берген. Қазіргі таңда жер асты дренажды жүйесін жүргізу, қашыртқылар қазу, мелиоративтік жұмыстар, тегістеу, топырақ өңдеу, минералдық және органикалық тыңайтқыштар беру жүзеге асып, қоршау және насос қондырғылары орнатылған. Бұл туралы серіктестік директоры Жеңіс Қарабалаевтан сұрғанымызда, жобаның тиімдігімен бөлісті.
– Өздеріңіз көргендей, үстіміздегі жылы бұрын пайдаланылмаған жерді инженерлік жүйеге келтіріп, жаңа қондырғылар мен құбырлар көмегімен мал азығын дайындаудамыз. Сүрлемдік жүгері егісін табиғи-экономикалық аудандарға дұрыс орналастырып, агротехналогиялық талаптарды орындап өсіргенде ғана жақсы көрсеткіш көрсетеді. Жаңа қондырғыны құрастыру аса қиынға соқпайды. Спринкерлік жүйе бойынша 2 метр тереңдікке дренажды құбыр жүргізілген. Үнемді. Ыңғайлы.
Жер астындағы су деңгейін қамтамасыз ететін тәсіл су тапшылығының алдын алып, тұзды тазартып, жерасты суының көтерілуіне тосқауыл болады. Нәтижесінде топырақты ылғалдандыруға көмектесіп, мол өнім алуға септеседі, – деді.
Алаңда қос насос стансасы, 400 киловаттық трансформатор қойылған. Байқағанымыздай, небәрі бір куб босатылған судың 0,7-сі ғана жететін орындағы қиындықты еңсеріп тұрған қондырғы сағатына 1 квадрат метр жерге 8 литр су ғана жібереді.
Суландырудың жаңа бағытында 4 адам жұмыс жұмыспен қамтылған. Оның бірі жаңа жүйе туралы арнайы тағылымдамадан өткен маман болса, үшеуі маусымдық жұмысқа тартылған сушылар.
Бір себезгі 12 метрге дейінгі аумақты суаруға қауқарлы. Қазір жүгері сабақтары бас көтерген. 90 күндік дақыл өскен соң, жиналып, орнына қара бидай егіледі. Бұл қуатты техникалық және өндірістік базасы, жоғары дәрежелі инженерлік-техникалық қызметкерлері бар мекеменің 1611 бас малына жеткілікті жем дайындауда қиындық тудырмайтынын көрсетіп отыр. Айта кетерлігі, соңғы рет 2019 жылы Германиядан 300 бас буаз қашар әкелінген кешендегі мал басы өз төлі есебінен көбейген.
Алғаш Израилде су тапшылығынан пайда болған тәсіл өз кезегінде судан өзге еңбек және энергия шығынын азайтып, тыңайтқышты тиімді қолдануға мүмкіншілік туғызады. Меже – гектарынан 450 центнер өнім алу.
Түрлі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда үлкен ізденіспен агротехнологияларды енгізумен дараланған серіктестік қазіргі уақытта тәжірибені одан әрі дамытуға бағытталған жұмыстарды қолға алып, қосымша жаңбырлатқыш себуші көлік алуды жоспарлап отыр.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА