Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көп балалылар кәсіпті көркейтуде

Көп балалылар кәсіпті көркейтуде

Қазалы ауданында кәсіпкерлік саласы әу бастан-ақ жақсы жолға қойылған. Ал соңғы кездері уақыт талабына сай жеке ісін қолға алушылар қатары тіптен көбеюде. Оларға мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалардың да көмегі зор. Әсіресе көпбалалы отбасыларды тығырықтан шығарған қайтарымсыз гранттың пайдасы мол.

Айсұлу ЖҰМАХАНОВА, кәсіпкер:
– Бастысы көптен армандап жүрген тігін құралдарын алуға көмегін берген тиісті мамандарға алғысым шексіз. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының игілігін отбасыммен бірге көріп отырмын. Мемлекеттік гранттың арқасында қанша жылдан бері аяқты шаршатып, көп уақытты алатын “Чайканы” ауыстыратын “JACK” аппаратына және оның қайшысы мен үтігіне қол жеткіздім. Сонымен бірге “Janome” оверлок зигзакты тігісті орындайтын жабдықты иемдендім.
Шыны керек, қуанышымда шек жоқ. Себебі бұлардың ісмерлік өнерде атқаратын қызметі көп. Былғары терілі кеудешелердің замогын, қалың киімдер мен джинсы киімдерді қысқартып тігуге қауқары бар. Тоқпен автомат түрінде жұмыс істейтін болған соң тапсырыстарды қиналмай тез дайындауға мүмкіндік мол. Біраз жұмысымды жеңілдетіп, уақытымды үнемдетеді. Шүкір, тігіншілік ісім де алға басып келеді. Тұрақты тұтынушылар саны да көбеюде. Қандай тапсырыс болмасын орындаймын. Негізінен қазір қыз жасауын әзірлеп жүрмін. Мейрам күндері мектеп пен балабақша бүлдіршіндері мен тәрбиешілерге арнап ұлттық киімдер тіктім. Жалпы жеңсіз, камзол мен шапан да пішіп, келушілер сұранысына қарай кез келген тапсырысты тігіп беремін. Көрпе көктеймін, құрақ құраймын.
Қыз жасауына матаны Шымкент қаласынан алдыртамын. Өз қызметіме қалтаға садмақ түсер баға қоймаймын. Халықтың қаржысы көтеретін тиімді соманы ұсынып отырмын. Көрші-қолаң, жақын-туыс орындаған қызметіме ризашылығын айтып кетеді. Кейбірі маталарын әкеліп, өз талғамына сай көйлек тіккізеді. Мемлекет тарапынан берілген мұндай қолдауға дән ризамын. Пенде болған соң алға қойған мақсаттарым да жоқ емес. Осы кәсібімді тоқтатпай, үй жанынан шағын тігін цехын ашуды жоспарлап жүрмін.

Палуанбек НҰРҒАЗИЕВ, кәсіпкер:
– Отбасымда 2 қыз, 4 ұлым бар. Олардың келешегі үшін «Малда береке бар» деген оймен атакәсіпті дамытуды жөн көрдім. Мемлекет тарапынан ұсынылған жобаларға дән ризамын. Жалғыз мен емес, қаншама қазалылықтың кәсіп ашып, ақ адал табыс табуына септігі тиюде.
Жуырда 583 мың теңге өтеусіз қаржы алдым. Оған көп ойланбастан 13 бас қой әкеліп, оны көбейтуді мақсат тұттым. Қазір қойдың етіне сұраныс жақсы. Еркек малын бордақылап, сатсаң, алушылар тез-ақ табылады. Шүкір, аудан көлемі үлкейіп, халық саны да көбеюде. Тойхана, кафе, асхана да баршылық. Сондықтан бұл түлікті іздеушілер қатары саябырсымайды деп ойлаймын. Шопан ата төлінен мал жайын білетін адамға көл көсір пайда көруге болады. Ол жем-шөпті аса талғамайды. Тіпті өсімдігі ащылы болып келетін құм мен шөлде де қойдың теріп жейтін азығы көп. Сондықтан өріске қосып отырмын. Ауламдағы арнайы қорада ұстаймын.

Меруерт ҚОЖАБЕРГЕНОВА, кәсіпкер:
– Қазір ынталанған жанға барлық мүмкіндік бар. Асықпай ойланып табыс табу жолдарын қарастырғанға түрлі жоспар көп. Отбасында ақша табуды жалғыз ер адамға артып қоймай, әйел де қолдан келген көмекті жасаған дұрыс деп есептеймін.
Бүгінде жолдасым Руслан екеуміз 5 баланы тәрбиелеудеміз. Олардың жағдайын жасау мақсатында үйде отырып, тапсырыспен той-томалаққа, қонақ күтуге дастархан мәзірлерін дайындауды қолға алғанмын. Уақыт өте тұтынушылар қатары көбейіп, қасыма әуелі екі қыз кейін төрт қыз тартып тойханалардың да тапсырысын орындап отырдым. Жақсы табыс таптым. Дегенмен өткен жылы карантин кезінде жұмысым тоқтап қалды. Күйеуіммен ойласып, кәсіптің жаңа түрін ашуды көздедім. Соның арқасында жұмыспен қамту орталығы арқылы қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы ұсынған қаражатқа мұздатқыш пен қажетті аппарат алдым.
Осы күні “Полуфабрикат” атаулы жеке кәсіпкерлігім бар. Таныс еңбекқор қыздарды шақырып, бірге қолдан түйілген табиғи таза өнімді әзірлеудеміз. Санитарлық жағдайға сай жұмыс істейміз. Еттің жұмсақ жерінен алып, оны жақсылап жуып-тазалап, еттартқыш арқылы фарш дайындаймыз. Өнімнің сапалы әрі дәмді болуын өзім қадағалаймын. Кәсіби рецепт бойынша жасауды курсқа қатысып, үйрендім. Осылайша арнайы қаптамамен қатталған манты, тұшпара, вареники, тефтели мен самсаны аудан халқына ұсынудамын. Сыртқы бетіне “Қазалы” атауы жазылған қаптаманы Алматыда келісімшартпен жасаттым. Әрине тың дүние болған соң аудан халқы әлі үйренісе қойған жоқ. Айналымға шығып, тұрақты тұтынушы жинау үшін әзірге уақыт керек.
Қазір «Мечта», «Рамазан», «Назерке», «Халықтық» және «Айдар», «Тыным» дүкендеріне өткізіп тұрмын. Алға қойған жоспар көп, негізгісі – Байқоңыр мен Арал халқына да өнімімді жеткізу.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

15 мамыр 2021 ж. 675 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930