Ісі берекелі ісмер
Соңғы уақытта Қазалы ауданында өз кəсібін ашып, оны тоқтатпай дамытып отыратын жандар көбеюде. Мемлекет тарапынан оларға қолдау көрсетілетін бағдарламалар кезең-кезеңімен ұсынылуда. Мəселен, көпбалалы аналарға берілетін қайтарымсыз грант көптің жыртығын жамауға бірден-бір демеу десек артық айтқанымыз емес. Бұл қаржылай қолдауды Әйтеке би кентінің тұрғыны Қымбат Қанибаева да сезініп отыр.
Ол бұған дейін талай тиісті орындарға бас сұғып, қажетті кеңес алған болатын. Онда ауыл аймақта тұратын көпбалалы аналаларға жеке кәсіп ашуы үшін қайтарымсыз несие берілетіні оны қуантып тастады. Мұндай іске талаптанған әйелдер үшін мемлекет 500 мың теңгеге дейін грант қаржылар береді.
Бүгінде осы көмек арқылы Қымбат “Айнұр” сауда орталығынан “Айна” тігін ательесін ашып алды. Мемлекет ұсынған қомақты ақшаға Ақтөбеден оверлок, тұрмыстық, өндірістік, матаның жеңіл және ауыр түрін тігетін жаңа тігін машиналарын әкелді. Осылайша тұтынушылардың киімдерін қысқартып, қайта өңдеумен шұғылданады. Сондай-ақ түрлі пішінде тапсырыс берушінің талғамына сай ересектер мен балаларға арналған киім пішіп тігеді. Оның айтуынша, мұндай қолдау шаралары көпбалалы отбасылардың табысын арттырып, аналардың тұрмыс жағдайын түзетуге мүмкіндік береді.
Әңгіме барысында Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туып-өскен іскер әйел инені көгінен түрту өнерін нағашы әжесі Кібирадан берілгендігін айтты. Ісмер әжесі кілем тоқып, алаша ширатқан. Баланың жақсысы – нағашысынан демекші, қазір Қымбат қарияның жанында жүріп естіген өсиеттерінің пайдалы тұсын сезінуде. Оның киелі де шұрайлы Қазалы жеріне келін болып түскеніне тура 21 жыл болыпты. “Тігіншілікке төтесінен келмедім деп анық айта аламын. Бір қызығы, енем Забира да ұлттық қолөнерден алыс емес. Нағашы әжем ылғи жанынан қалдырмай, тігіншілікке баулыды. Ол әрбір үйде тігін құралы болса несібе үзілмейді дейтін. Қыз бала бір отбасын игеретін отанасы болатынын жадыма құйып, келешекте үй тірлігінде қажетке асатындығын өсиет ететін. Қазір баламен үйде отырып-ақ жәй тігін машинасымен отбасымның киімдерін қысқартып, көрпе тігумен айналысқаныма он бес жылға жуықтады. Арасында өтініш айтып келетіндер пұлын беріп рақметін айтып кететін. Осыдан келе тігіншілікті толық меңгеруді ойлап, Айна құрбымнан дәріс алдым, – дейді кәсіпкер әйел.
Кәсібін ұршықша иірген Қымбат Бірмағанбетқызы “Nur Otan» партиясының аудандық филиалына, жұмыспен қамту орталығына және Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданындағы филиалына шексіз ризашылығын жеткізді. Ондағы мамандардың кеңесімен “Бизнес бастау” жобасы бойынша 1 айлық оқу курсынан өткен ол 505 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алды.
Ең бастысы адамда сенім мен ниет мықты болуы тиіс. Мемлекетке масылдықтан гөрі әркім қолынан келгенді кәсіп етсе, қарны тоқ болады. Шындығында “отбасыма, қоғамға не беремін?” деген жанға мүмкіндік көп деген Қымбаттың пікірі замандастарына үлгі деп түйдік.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА