Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » COVID-19: Қатерлі індет – күресу міндет

COVID-19: Қатерлі індет – күресу міндет

Өткен жылы Наурыз айында Қазалы көшелеріндегі тіршілік тоқтап қалғанын білеміз. Мұндай жағдай елдің түкпір-түкпірінде орын алды. Алғашқыда дүкен мен дәріханалардағы кезек халықтың жүрегіне үрей ұялатқаны да есімізде. Сатылымда бетперде болмаса, үрки қашатынды шығардық. Індет көрші үйдегі азаматтың жанын алды дегенді естігенде құлаққа түрпідей тиетін хабарға бірер айдан соң селк етпейтін болдық. Ақыры індет аудандық жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісін алып кеткені ақхалаттылардың да үмітінің күл-паршасын шығарғандай еді. Ақырзаман туралы кинолардағы кейбір сюжет көз алдымызда болған сол сәттерді еске алудың өзі ауыр. Енді сәуірдің тәуір тіршілігін күтіп отырғанда індеттің тағы бір толқыны басталғалы тұр. Qaznet-те бұл туралы ақпарат жарыса жазылуда. Осы тұста ҚР Денсаулық сақтау министрінің: «Вакцина – індет  таратпаудың жалғыз жолы», – деген сөзі ойға оралады. Елде ауруға қарсы екпе басталғанына ай толғанымен, эпидемиялық ахуал неге өршіп барады? Бұл процесс ауданда қалай жүріп жатыр? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Түрлі кейіптегі кесел
«Covid-19» вирусы осы кезге дейін бірнеше рет мутацияға ұшырағанын ғалымдар растады. Жаңа ауру талай жанның қабырғасын қайыстырып үлгергенін де айту керек. Алдымен өткен жылдан бергі науқастар статистикасына үңіле кетейік. Бүгінге дейін 245 мың қазақстандық төсек тартып, 219 мыңнан астамы аяққа тұрған. 3046 азамат өмірден өтті. Пневманияның есебі бөлек жүргізіледі. Ал наурыздың 30-ы күні бүкіл Қазақстан бойынша 1663 науқас тіркеліп, 17 адам ажал құшты. Оның ішінде Қызылорда облысында жаңадан жұқтырған 13 жағдай анықталды.
Аламтылық ғалымдар жақында коронавирустың британдық және оңтүстікафрикалық мутацияланған түрлері елге жеткені туралы хабар таратты. Бір аптаға созылған зерттеу нәтижесіне сай, британдық штамм Уханьда пайда болып, әлем халқын әбігерге салған түрінен айырмашылығы жоқ. Яғни дәл сондай симптномдарды емдеу әдісі дәрігерлерге белгілі. Бірақ оңтүстікафрикалық мутацияланған індет қауіпін анықтау қиынға соғып отыр. Микробиологтар оған шартты түрде «алматылық» деген атау берген.
– Біз бұл мутацияның адамның қай органына соққы беретінін айта алмаймыз. Өйткені әзірге басқа изоляттар зерттелмеген. Рецепторлармен байланыс аймағында орналаспағандықтан, оның кездейсоқ немесе тұрақты мутация екенін анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет. Біздің келешек қандай шара қабылдауымыз керек екенін түсіну үшін Қазақстанның әр аймағынан кем дегенде 10 сынама жасап, зерттеу нәтижелерін алуымыз керек, – деді Виталий Строчков.
Бұдан бөлек, ғалымдар оңтүстікафрикалық індеттің ерекшеліктерін тұспалдады. Аталған мутация жасөспірім балаларға үйір көрінеді. Қауқары да бұрынғыға қарағанда күштірек. Ол аз десеңіз, ең күшті деген вакцинаның өзі коронавирустың осы түріне қуаты жетіңкіремейтінін айтады.

Балалар індет жұқтыра бастады
Өткен жылғы пандемия жастардың көпшілігін айналып өткенін көрдік. Содан кейінде балаларға індет жұғуы екіталай деген ойда болғанымыз жасырын емес. Ал соңғы мәліметтер балалардың індет жұқтыру көрсеткіші 5 процентке жоғарылағанын көрсетті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова бірер күн бұрын мәлімдеме жасады. Сөзіне сенсек, 1 қаңтардан бастап 13 мыңға жуық оқушыдан  вирус инфекциясы анықталған. Дегенмен жасыл және сары аймақтардағы білім беру ұйымдары бүгіннен бастап дәстүрлі оқытуды бастады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов облыстық мемлекеттік бас санитар қаулысына бағынатынын айтып отыр. Егер қазір оқуды тоқтату туралы бұйрық шықса ол дер кезінде орындалатынын тілге тиек етті.
– Қызылорда облысындағы ахуал әзірге айтарлықтай күрделі емес. Өңірдегі құзырлылар үндеу шарттарын есепке алып, осындай шешімге келгенін білесіздер. Төртінші тоқсан 70 проценттік пәндерді дәстүрлі оқытумен басталғанын да айттық. Бүгінге дейін он төрт мектеп онлайн, 23 мектеп дәстүрлі білім беруде. Әрі қарай білім беруді ұйымдастыру жайындағы шешімдерді мектеп директорлары қабылдайды. Білім ошағының  мүмкіншілігін ескеріп, шәкірттерді қоңырауға кезектесіп шығару жайы шешіліп тұр, – деді ауданның бас ұстазы. Сондай-ақ Қазалыда коронавирус жұқтырған оқышылар тіркелгенін жеткізді. №94 мектептен үш, №16 мектеп пен Кәукей ауылындағы мектепке дейінгі даярлық класынан бір балақай сырқаттанып қалған. Олармен байланыс орнатқан ұстаз бен оқушылардан тест сынамалары алынды. Айтуынша, бірінші тесттен ауруды жұқтырғандар анықталмады. Жақын арада екінші мәрте сынама тапсырады. Осыған байланысты №94 мектепте білім алатын балалар әзірге қашықтан оқиды. Сонымен бірге баласы онлайн оқығанын қалайтын ата-аналар жазбаша өтініш беруіне болатынын назарларыңызға саламыз.
Бұдан бөлек білім бөлімінің басшысы ұстаздар қауымен жаппай вакциналациялауға қолдау білдіруге шақырды. Себебі де жоқ емес.
– Екпе қабылдауда ешкімді мәжбүрлеуге жол берілмейді. Алайда оның пайдасы мен қажеттілігі жөнінен директорлар түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әзірге ұстаздар вакцинация алуды бастаған жоқ. Жүздеген оқушыға сабақ беріп, тығыз қарым-қатынаста болатын мұғалімдердің сақтыққа салмақты қарағанын қалар едім. Мен де білім саласының қызметкерлерін ектіру басталмас бұрын бірінші кезекте коронавирусқа қарсы егілемін, – деді Ә.Оңдасынұлы.

Covid-пен күрес
Өткен жылы жеген таяқтан кейін жергілікті медицина саласы келесі толқынға қаншалықты дайын екендігі жұртты алаңдататыны рас. Оның үстіне балалар індетке іліккен  қазіргі кезде ақпараттың ашық айтылмауы да көңілге күдік ұялатып тұр. Сол себепті ауданаралық аурухананың орынбасары Күншығар Әбіловтен жұрт амандығын сұраған едік.
– Жыл басынан бері КВИ инфекциясына байланысты 6 мыңнан астам адамнан ПЦР сынамалары алынды. Өкінішке орай ковид жұқтырған 22 науқас анықталып, жедел профилактикалық шараларға ден қойдық. Барлығы он төрт күн бақылауға алынды. Бұдан бөлек індетке іліккен 5 оқушының денсаулығы тұрақты. Осы тұста Қазалы ауданаралық ауруханасы бойынша вирусқа қарсы дәрілер қоры, қорғаныш киімдері жеткілікті мөлшерде қамтылғанын айту керек. Коронавирус инфекциясы күрделенген  жағдайда науқастарға  арналған  50 төсектік орын дайын, – деді терапевт К.Әбілұлы сондай-ақ, ақ халаттыларды вакцинациялау ісі тәмамдалып қалғанын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, наурыз айының басында Қазалыға алғашқы «Гам-Ковид-вак» екпесінің 300 дозасы жеткізілген. Оны салдыратындар саны 7500-ге жоспарланғанымен, науқанның бірінші турында 149 медицина қызметкері қамтылды. Мұны қаладағы «Шипаргер ДА» емханасының мамандары жүзеге асырған. Ұстаздарға арналған екінші кезең бүгін-ертең басталуы тиіс. Мамандар оған 2500-ге жуық мұғалім қатысатынын айтып отыр. Бұдан кейінгі 101 тәртіп сақшысына кезек келеді. Ал вакцинаның алғашқы кезеңіне келісім берген Арыстан Сисенов алып-қашпа әңгімеден алыс болайық дегенді айтады.
– Бүгінде әлемде коронавирус кеселін тоқтатудың жалғыз жолы – вакцинация екені мәлім. Алланың қалауымен наурыздың оны күні екпенің бірінші дозасын алып, бірер күн бұрын екінші турына бардым. Алғашқы вакцинадан кейін аздап дене қызуым көтерілгені рас. Бірақ қорқатын ештеңе жоқ. Қазір жағдайым жақсы. Қоғамда түрлі қауесет әңгіме өріп жүр. Оның негізсіз екенін ұмытпаған дұрыс. Сіздерді де екпе алуға шақырамын. Денсаулық ең алдымен өзімізге керек, – деді жедел-жәрдем бөлімінің фельдшері әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
03 сәуір 2021 ж. 249 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 94

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930