Симптомсыз сырқаттар саны басым
![](/uploads/posts/2021-04/medium/1618914865_img-20210419-wa0012.jpg)
– Бүгінгі таңда індеттің өршіп кеткенін байқап отырмыз. Әлемдік ғалымдар мен зерттеушілердің тұжырымына сәйкес, пандемияны жеңудің бірден-бір амалы – екпе алу. Бұл туралы аз айтылып жүрген жоқ. Соңғы сенбі, жексенбі күндері жүргізілген тексеру бойынша ауру жұқтырғандар саны азайған. Бұған аудан жұртшылығының вакцинаға деген көзқарасының өзгеруі де септігін тигізіп отырғаны анық. Айрықша айта кету керек, екпе алуға ешкім мәжбүрлей алмайды, – деді бас дәрігер. Сондай-ақ екпе қабылдағандар статистикасына тоқталып өтті.
Қазірге дейін жоспарланған 300 ақхалаттылардың 255-і екпенің екі кезеңін қабылдаған. Десек те, ұстаздардың жоспары орындалмай тұр. Өйткені 2500 мұғалімді індетке қарсы егу жоспарланғанымен, әзірге 408 педагог ғана дәрігер көмегіне жүгінген. Бұдан бөлек 110 полицейдің 54-іне «Спутник-V» препараты салынды. Нәтижесінде ауданға жеткізілген 900 вакцина толығымен игерілген.
Ал теміржол ауруханасы тарапынан атқарылып жатқан тірліктер жайында бөлім меңгерушісі Айгүл Құлмағамбетова тарқатып берді. Оның мәлімдеуінше, емхана дәрігерлері 18 науқастың инфекция жұқтырғанын анықтаған. Қуанышқа орай 4 науқас індеттен айығып, үйіне қайтарылды. Олармен байланыста болған 46 тұрғынның денсаулық жағдайын ақхалаттылар бақылап отыр.
– Вакцинацияның бірінші компоненті бойынша 340 адам егілді. Келесі кезеңін 49 азамат қабылдады, – деді емхана дәрігері. Дегенмен салалар бойынша жоспар жүз процентке орындалмағаны белгілі. Кешеден бастап мемлекеттік қызметкерлер де екпе алуды бастаған. Арнайы ұсыныстан бөлек, өз еркімен келіп екпе алғандар саны бесеу екені айтылды. Дәрігер Айгүл Жанарыстанқызы да індетті жеңудің ең тиімді әрі сенімді жолы вакцина алу екенін еске салып, жаппай егілуге шақырды.
Айта кетейік, ауданға вакцинаның ресейлік нұсқасы – «ГамКовидВак» жеткізілген. Мамандар жақын аралықта қазақстандық препарат жеткізілуі мүмкін екенін айтады. Ел арасында олардың сапасы қызу талқыланып жүр.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ