Аудан әкімі кентті аралады
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев аудан орталығындағы бірқатар нысандарды аралап, олардың жұмысымен танысты. Аудан басшысы алдымен Әйтеке би кентіндегі асфальт-бетон зауыттарын аралады.
Аудандағы жолдарды жөндеу жұмыстарына тәжірибесі мол мекеменің бірі – «Қазалы Жолшы» ЖШС. Қазіргі таңда бұл зауыт сағатына 50 тонна асфальт-бетон өнімін өндіріп жатыр. Қажетті шикізаттың барлығы жеткілікті. Бұл туралы серіктестіктің басшысы Нұрлан Дүйсенбаев айтып берді.
Соңғы уақытта жол жөндеу жұмыстарымен «Нұрас и К» ЖШС да айналысып келеді. Осыған орай аудан басшысы серіктестіктің асфальт-бетон зауытына арнайы барып, жұмысымен танысты. Мұнда аудан әкімі Мұрат Ергешбаевты серіктестік директоры Нүркен Ботабаев күтіп алып, жұмыстың жай-жапсарымен таныстырды. Зауыт бұл күнге дейін механикаландырған жағдайда жұмыс істеп келсе, алдағы уақытта толық автоматтандырылады. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мұнан кейін аудан әкімі Біржан сал көшесі №1 в мекенжайында орналасқан жатақханаға барып, жөндеу жұмыстарымен танысты. Бүгінгі таңда жатақханада аз қамтамасыз етілген, тұрғын үйге мұқтаж 55 отбасы уақытша баспанамен қамтамасыз етілген.
Жоспар бойынша жатахана толығымен қоршалып, шатырдың бүлінген жерлері дұрысталады. Ғимараттың сыртына сылақ жұмыстары жүргізіліп, су ағар құбырлары орнатылады. Сондай-ақ, жатақхана есігінің алдына балалар ойнайтын алаң да салынады. Құрылыс жұмыстарын «N Строй Сервис» ЖШС жүргізіп жатыр.
Бүгінгі таңда аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсақ, ғимараттың есік-терезелері ауыстырылып, қабырғалары сыланады және едендері жаңаланады.
Аудан басшысы құрылыс жұмыстарымен мұқият танысқан соң бөлім басшыларына жөндеу жұмыстары сапалы әрі уақытылы аяқтауды қадағалауды тапсырды.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат