Құрылыс жұмыстары сапалы әрі уақытылы жүргізілу маңызды
Бүгін аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Әйтеке би кентінде құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты.
Алдымен Р.Бағланова көшесіндегі сарқынды су бұру станциясында болып, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының аясында атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Мұнан соң 5 квартал аумағынан салынып жатқан 1 қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысымен танысты.
Биыл Әйтеке би кентіндегі №276 мектептің бу қазандығы газ қондырғыларына ауыстырылды. Білім ордасы үшін тиімді жоба «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырылды. Сондай-ақ, аудан басшысы Әйтеке би кентінің 3 және 4 кварталдағы орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген көшелерді аралады.
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Қазалы қаласынан «Әлсейіт» темір-бетон көпіріне дейінгі аудандық маңыздағы автомобиль жолының 0-33 шақырымындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Қазіргі таңда «Қазалы жолшы» ЖШС өткен жылы бөлінген қаржыға асфальт төсеу жұмыстарын аяқтады. Тапсырыс беруші тарапынан көрсетілген кемшіліктерді дұрыстап, кей учаскелерге қайта жөндеу жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта қалған қаржысы бөлініп, тиісті жұмыстар аяқталатын болады.
Қазалы қаласынан «Қарлаң» өткеліне дейін жолды да «Қазалы жолшы» ЖШС жөндеп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 16 шақырым жолдың 12 шақырымы асфальтталды. Жол жөндеуде тәжірибесі мол серіктестік жыл аяғына дейін асфальттау жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр.
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан әрбір нысан барысында мемлекеттің қаржысын тиімді пайдаланып, сапалы әрі уақытылы аяқтауға қатты көңіл бөлуді тапсырды. Құрылыс жұмыстарын мерзімінде тапсыруды кешіктірген серіктестік басшыларына заңдылықтарға сәйкес шара көрілетіндігі ескертілді.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат