Мұрат Ергешбаев: Бос ғимараттарды тиімді пайдалану қажет
Қазалы ауданында бос тұрған мекеме ғимараттарын жөндеп, жатақханаға айналдыру жұмыстары жолға қойылған. Бұған дейін Әйтеке би кентіндегі көне аудандық аурухана мен №204 мектептің ғимараттары жөнделіп, жатақханаға бейімделді. Бүгінгі таңда мұнда 100-ге жуық отбасы тұрып жатыр.
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Қазалы қаласындағы тері-жіңішке аурулар бөлімінің бос тұрған ғимаратына арнайы барып, нысанның қазіргі күйімен танысты. Сол арада аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаевқа ғимаратты толық зерттеп, жатақханаға бейімдеу үшін жобадайындауды тапсырды.
«Қазіргі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде 1500-ден астам кезекте тұр. Бұл тізімге ілінбей қалған баспасыз адамдар да бар. Олар ай сайын 30-40 мың теңгеге пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Біз осындай азаматтарды уақытша болса да баспанамен қамтамасыз етуіміз қажет», – деді аудан әкімі.
Аудан басшысы жоба дайындалғанда тұрғындарға қажетті барлығына ортақ тамақ дайындайтын орын, душ, есік алдында балалар ойын алаңы болу қажеттігін тапсырды.
Ал, Қазалы қаласының әкімі Рахметулла Ізтілеуге жергілікті қоғамдастық жиынында осындағы бос тұрған ғимараттарды жатақханаға бейімдеуге байланысты мәселе көтеріп, халықтың ой-пікірін толық тыңдау қажеттігін айтты.