Қазалыда 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде
Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі таңда Қазалы ауданында 4 пәтерлі 10 кредиттік тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр.
Әйтеке би кентінің 5 квартал аумағынан басталған құрылыстың бас мердігері «Мұнай құрылыс» көп салалы құрылыс фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Жаңадан басталған тұрғын үйлердің құрылысына аудан әкімі Мұрат Ергешбаев арнайы барып, құрылысшылардың жұмысымен танысты.
Бас мердігердің жұмысына сәттілік тілеп, құрылыстың сапалы әрі уақытылы жүргізілуін тапсырды.
Бүгінде тұрғын үй мәселесі еліміздегі ең өткір әлеуметтік проблемалар қатарында. Соның ішінде, ауданымызда да баспана мәселесі өзекті. Осы орайда, өз үйіне қол жеткізгісі келетін аудан тұрғындарының мәселесін шешу мақсатында қолға алынған бұл жұмыс аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылуда. Құрылыстың ұзақтығы 8 ай. Алайда мердігер мекеме тұрғын үйдің құрылысын жылдың аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Жоба бойынша бір үйде 4 пәтер қаралған. Әрбір үйде 2 бөлмелі 2 пәтер, 3 бөлмелі 2 пәтерден бар. Тұрғын үй газ, ауыз сумен, электрмен қамтылады. Әр пәтер дербес жылу және ыстық сумен біріктірілген, газ отынды қазандығымен жабдықталады. Жаңа баспанаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кезекте тұрған салымшылар қол жеткізе алады.