Жұмыс сапалы әрі кестеге сай жүргізілсін
Қазіргі таңда қасиетті Қазалы ауданында қайнаған қызу тірлік жүріп жатыр. Құрылысшылар өткен жылы басталған нысан басында еңбектің көрігін қыздыруда. Күн жылынғаннан қос аралықтағы жолдардың да жұмысы жандана түсті.
Бүгін аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қарқынды құрылыс жұмыстары және тұрғындардың тарапынан көтерілген мәселелердің мән-жайымен танысты.
Аудан басшысы алдымен Басықара ауылына кіре берістегі көпірдің жағдайымен танысты. Осыдан жарты ғасыр бұрын салынған көпір шұғыл түрде жөндеуді қажет етеді.
– Бұл көпірді тек қана Басықара ауылының тұрғындары ғана пайдаланбайды. Көктем мен күз мезгіліндегі абыржының уақытында Абай ауылы мен «Қарлаң» өткелінен өтетін елді мекеннің халқы да осы көпірмен өтеді. Осы беткейде мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың да қатары қалың. Сондықтан да тез арада құжаттарын дайындап, қаржыландыруға ұсынуымыз қажет. Бұл кезек күттірмейтін мәселелердің бірі, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Дәл осындай жұмыстар Қ.Пірімов ауылынан Қарақұм беткейіне шығатын жолдағы көпірге де жасалуы қажет. Бұл жайында аудан әкімінің есепті кездесуінде де айтылған болатын. Осыған орай бүгін Мұрат Нәлқожаұлы арнайы көпірдің жағдайымен танысып, тезірек ретке келтіру қажет екенін айтты.
Өткен жылы «РЗА» АҚ-ның 1200 басқа арналған мал фермасын электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда 12 шақырым электр желісі тартылып, қуаттылығы 1600 кВт болатын екі трансформатор қондырғысы орнатылып, іске қосылды.
– Ауданымыздағы ең ірі шаруашылыққа біз барлық жағдайды жасап, жан-жақты қолдауымыз қажет. Себебі бұл кәсіпорын толық іске қосылған жағдайда көптеген аудан тұрғындарын жұмыспен қамтып, салық түсімін арттырады, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң аудан әкімі Әйтеке кентіндегі «Аймақаш» мөлтек ауданына барып, өткен жылы жүргізілген инфрақұрылым жұмыстарымен танысты. Осы жерде аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев өзінің жоспарларымен бөлісті.
– Өткен жылы инфрақұрылым жүргізілген осы аймаққа биыл тұрғын үйлердің құрылысы салынады. Ол үшін қазынадан қаржысы бөлінді. Қазіргі таңда тұрғын үйлер салынан жер белгіленіп, құжаттары әзірленуде. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге ниетті мекемелер бар. Оларға қоятын біздің негізгі шарттарымыз бар. Әрбір тұрғын үйдің көлемі 60 шаршы метр кем болмау қажет, – деді бөлім басшысы.
– Қанша үй сатып алуды жоспарлап отырсыңдар?
– 35 үй.
– Қазіргі таңда ауданда 1500-ге жуық адам баспана кезегінде тұр. Оның ішінде 300-ге жуығы көпбалалы аналар. Бұл үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға арналып салынып жатыр. Сондықтан салынатын үйлердің барлығын алдымен кезекте тұрған көпбалалы аналарға беру қажет, – деді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев.
Аудан орталығында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерді модернизация арқылы жөндеуден өткізу қажет. Бұл тұрғындар үшін тиімді бағдарлама десек артық айтқан емес. Биылғы жылы Әйтеке би кентінің Желтоқсан және Счастнов көшелеріндегі 4 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жөнінде аталған үйлердің тұрғындары тарапынан ұсыныс түсіп, келісім берілген.
Тиісті бөлімдер мен мердігер мекеме басшысымен кездескен аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу қажет екендігін ескертті. Сондай-ақ, бұл үйлердің аулаларын тегістеп, абаттандыруға ұсыныс беруді тапсырды. Себебі осы үйлердің тұрғындарына қолайлы орта қалыптастырып, автотұрақ, жаяу жүргіншілер жолы және балалар ойнайтын алаңдар салыну қажет.
Бүгінгі таңда Әйтеке би кентінде 600 орындық мәдениет үйі мен ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Қос құрылыс нысанында болған аудан басшысы жұмыстар сапалы әрі уақытылы жүру қажеттігін қатаң айтты.
– Қазіргі таңда ауа райы біздерге қарасып тұр. Күн жылынған уақытты тиімді пайдаланып, құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейтуіміз қажет. Бірақ асығамыз деп жүріп, сапаны естен шығармауыз қажет. Ең бірінші кезекте сапа керек бізге. Бюджеттен тиісті қаржы бөлініп тұр. Сондықтан құрылыс жұмыстары сапалып болып, уақытылы аяқталуы қажет, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Қазалыда атқарылып жатқан әрбір жұмыс өзінің жіті назарында екенін айтып, аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай мен тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, жұмыстың сапасына аса мән беруді тапсырды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі