Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылыс қарқыны қадағаланды

Құрылыс қарқыны қадағаланды

Қазіргі таңда қасиетті Қазалы ауданында қайнаған қызу тірлік жүріп жатыр. Құрылысшылар өткен жылы басталған нысан басында еңбек көрігін қыздыруда. Күн жылынғаннан қос аралықтағы жолдардың да жұмысы жандана түсті.

Жақында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қарқынды құрылыс жұмыстары мен тұрғындардың тарапынан көтерілген мәселелердің мән-жайымен танысты.
Аудан басшысы алдымен Басықара ауылына кіреберістегі көпірдің жағдайын бақылады. Осыдан жарты ғасыр бұрын салынған көпір шұғыл түрде жөндеуді қажет етеді.
– Бұл көпірді тек Басықара ауылының тұрғындары ғана пайдаланбайды. Көктем мен күз мезгіліндегі абыржының уақытында Абай ауылы мен «Қарлаң» өткелінен өтетін елді мекеннің халқы да көпірді пайдаланады. Осы беткейде мал шаруашылығымен айналысатын жандардың қатары қалың. Сондықтан тез арада құжаттарын дайындап, қаржыландыруға ұсынуымыз қажет. Бұл кезек күттірмейтін мәселенің бірі, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Дәл осындай жұмыстар Қ.Пірімов ауылынан Қарақұм беткейіне шығатын жолдағы көпірге де жасалуы керек. Бұл жайында аудан әкімінің есепті кездесуінде айтылған болатын.
Өткен жылы «РЗА» АҚ-ның 1200 басқа арналған мал фермасын электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда 12 шақырым электр желісі тартылып, қуаттылығы 1600 кВт болатын екі трансформатор қондырғысы іске қосылды.
– Аудандағы ең ірі шаруашылыққа барлық жағдайды жасап, жан-жақты қолдауымыз қажет. Себебі бұл кәсіпорын толық іске қосылған кезде аудан тұрғындарын жұмыспен қамтып, салық түсімі артады, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң әкім Әйтеке кентіндегі «Аймақаш» мөлтек ауданына барып, өткен жылы жүргізілген инфрақұрылым жұмыстарын көрді. Осы жерде аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев бөлім жоспарымен бөлісті.
– Өткен жылы инфрақұрылым жүргізілген осы аймаққа биыл тұрғын үй салынады. Ол үшін қазынадан қаржы бөлінді. Қазіргі таңда тұрғын үйлер салынатын жер белгіленіп, құжаттары әзірленуде. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге ниетті мекемелер бар. Оларға әрбір тұрғын үйдің көлемі 60 шаршы метрден кем болмауы қажет деген шарт қойдық. Әрі 35 үйді сатып алуды ­жоспарлап отырмыз, – деді бөлім басшысы.
Осыған орай аудан басшысы:
– Қазіргі таңда ауданда 1500-ге жуық адам баспана кезегінде тұр. Оның ішінде 300-ге жуығы көпбалалы аналар. Бұл үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға арналып салынуда. Сондықтан үйдің барлығын алдымен кезекте тұрған көпбалалы аналарға беру қажет, – деді.
Аудан орталығында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерді модернизация арқылы жөндеуден өткізу қажет. Бұл тұрғындар үшін тиімді бағдарлама десек артық айтқандық емес. Биыл Желтоқсан және Счастнов көшелеріндегі 4 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жөнінде аталған үйлердің тұрғындары тарапынан ұсыныс түсіп, келісім берілген.
Тиісті бөлімдер мен мердігер мекеме басшысымен кездескен аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу қажет екендігін ескертті. Сондай-ақ бұл үйлердің ауласын тегістеп, абаттандыруға ұсыныс беруді тапсырды. Себебі тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып, автотұрақ, жаяу жүргіншілер жолы және балалар ойнайтын алаңдар салыну қажет.
Бүгінгі таңда Әйтеке би кентінде 600 орындық мәдениет үйі мен 250 келушіге арналған емхана құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
– Қазіргі таңда ауа райы құрылысқа қарасып тұр. Күн жылынған уақытты тиімді пайдаланып, жұмыс қарқынын күшейтуіміз қажет. Бірақ асығамыз деп жүріп сапаны естен шығармауға болмайды. Бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Құрылыс уақытылы аяқталуы керек, – деді аудан әкімі.
Мұрат Ергешбаев Қазалыда атқарылып жатқан әрбір жұмыс өзінің жіті назарында екенін айтып, орынбасары Ғалымжан Еркебай мен тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Ж.СОВЕТҰЛЫ
09 ақпан 2021 ж. 2 461 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031