Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерекеде кезекшілер кімге керек?

Мерекеде кезекшілер кімге керек?

Қазақстан Республикасының заңнамасында мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерде мекеме қызметкерлеріне демалыс берілетінін білеміз. Алдымен сиыр жылы қазақстандықтар қанша күн демалатыны туралы аз-кем статистикаға көз жүгіртейік.
Биыл аптасына бес күн жұмыс істейтіндер жылдың 120, алты күн еңбек ететіндер 68 күнінде жұмысқа бармайды. Алда халықаралық әйелдер күні мен Наурыз мерекесі қатар келе жатқанын ескерсек, кейбір мекеме қызметкерлері мейрамда «кезекшілікке» ілігіп кетуді ойлап, алаңға салынатынын түсінеміз. Әсіресе бұған дейін нәзік жандылар мерекесінде мектеп басшыларының әйел ұстаздарды еріксіз кезекшілікке қойғанын көріп жүрміз. Жалпы кезекшілер не бітіреді? Мекеме қарауылына қосарланып, заңды демалысында жұмысқа баруға кім мәжбүрлейді? Бүгін сол туралы әңгімелемекпіз.
Бұл тек мектептерде кездесетін жағдай емес. Кейбір мемлекеттік мекемелерде орын алатын осы сарындағы шағымдардарды жиі құлақ шалады. Кешкі сағат жетіден кейін жұмыста қалуға мәжбүр мамандар да бар. Бірақ олар бұл туралы ашық айтуға қызметі үшін жүрексінеді. Әрі беріден соң қай саланың қызметкері болмасын уақытылы үйіне қайтып, бала-шағасымен бірге тамақтануға толық құқығы бар емес пе? Мейрам күндері отбасымен бірге бірі серуенге, басқасы қонаққа барғысы келеді. Өзі айына бірнеше рет берілетін еркіндікті кейбірі тұлға ретінде дамуға, кітап оқып, спортпен айналысуды қалайды. Ал мұндай келеңсіздіктер азаматтардың конституциялық құқына нұқсан келтірмей ме? Жалпы билік басындағылар заңмен белгілеп берген мерекелік демалыста барлық мекеме жұмысқа бармайтын болса, кезекшілік атқарушы маман не бітіреді? Барлығы демалып жатпайды ма?
Қарауылдың қасына қосарлап, ұстаздар қауымын мейрам күндері мектепті күзеттіріп қою мәселесі қазіргі білім саласын реформалауда ұмыт қалмаса деген көпшіліктің тілегі бар. Осы тұста бұрын ұстаздық етіп, кейін әкімшілік саласында тәжірибелі басшылар қатарына енген, жақында аудандық білім бөлімінің тізгінін ұстаған Әділхан Жөлекешовке хабарласып, пікірін білген едік. Ауданның бас ұстазы мұндай жағдайдың өкінішке орай орын алып тұратынын, тіпті білім бөлімінде ережеге сай кезекшілік қойылатынын жасырмады.
– Аудандағы барлық мектеп білім бөліміне орталықтандырылғандықтан мұнда мереке күндері келісіммен кезекшілік кестесі жасалады. Өйткені демалыс күндері оқушылармен орын алған мәселе болса, біз оны біліп, тиісті жұмыс жасауымыз керек. Ал білім ошақтарына бөлім тарапынан тапсырма берілген емес. Мектеп басшылығы мереке күні қызметкерді жұмысқа шақырса, соған сай үстемеақы төленуі керек. Біз оқу ордаларындағы жылу беру сияқты мәселелердің жай-күйін екі сағат сайын біліп отыруымыз керек. Кейбір мектеп директорлары осыны алға тартуы мүмкін. Бірақ бұған қарауыл да жауап бере алатынын ескеру керек.
Осыған байланысты жақында жиналыс өтті. Аталған мәселенің еңбек заңдылығына сәйкестігін тексердік. Бұған дейін кей мектеп басшылары қызметкерді еріксіз кезекшілікке қойғанынан хабардар болып, тиісті шара көрдік. Алдағы уақытта мұндай олқылықты жібермеуге күш салатын боламыз, – деді Ә.Жөлекешов. Әңгімесінен ертеректен келе жатқан жазылмаған заңдылықты болдырмауға білек сыбана кіріскені байқалды.
Өткен жылы мекемелер үйінің ашылу салтанатында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев барлық қызметкерлерін жинап, мемлекеттік қызметкерлерге дәл осындай жағдай жасалған ғимарат басқа ауданда бірен-саран екенін, сол себепті елдің игілігі үшін уақытпен санаспай жұмыс істеу керегін айтқан. Бірақ бұл әкімнің басшыларға қызметкерлерін мәжбүрлеп жұмыс істетіңдер деген сөзі емес еді. Қалай болғанда да қызметкерді жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін мекемеде ұстау, мереке күндері қазықтай қадап, ақысыз кезекшілік жасату адами тұрғыда да, заң шеңберінде де қателік сияқты. Оқырман қауымның ойы қандай?

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
16 қаңтар 2021 ж. 2 662 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930