Электронды цифрлық қолтаңбаны заңсыз пайдалану фактілері жиіледі
Электронды цифрлық қолтаңба қолмен қойылған қолтаңбаға теңестірілген және заңдық тұрғыда салдары онымен бірдей болады. Қазақстанда электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) заңсыз пайдалану фактілері жиілеп кетті, деп хабарлады цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
2015-2018 жылдар аралығында 640-бабы "Қазақстан Республикасының электронды құжаттар және электронды цифрлық қолтаңба туралы заңнамасын бұзу" бойынша 15 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. 2019 жылы мұндай істердің саны күрт өсті – 52 іс қозғалды.
"Осы жылдың 9 айында электронды цифрлық қолтаңбаны заңсыз берудің 30-дан астам фактісі және оны қорғау шараларын сақтамаудың бестен астам жағдайы анықталды. Бұл фактілер бойынша 10-нан 150 АЕК-ке (27 780-нен 416 700 теңгеге дейін – Sputnik) дейін айыппұл салынды", - деп нақтылады ведомство.
Соңғы кездері министрлікке жеке тұлғалардан және лауазымды адамдардан электронды цифрлық қолтаңбаны заңсыз беруге қатысты көптеген шағым түсіп жатыр.
"Электронды цифрлық қолтаңба қолмен қойылған қолтаңбаға теңестірілгенін және заңдық тұрғыда салдары онымен бірдей болатынын ұмытпау керек", - деп атап өтті ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов.
Өткен кезеңмен салыстырғанда мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары өздерінің ЭЦҚ-сын басқа қызметкерлерге беру жағдайлары, сондай-ақ жұмыс берушілер жұмыстан шығып кеткен қызметкерлердің ЭЦҚ-сын қайтарып алмайтын жағдайлар көбейді. Мұндай әрекеттер электронды цифрлық қолтаңбаны заңсыз қолдануға жол ашады, ал ол әкімшілік және тіпті қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтырады.
ЭЦҚ-ны қалай қорғауға болады
Өзіңді қорғау және алаяқтықтың құрбаны немесе керісінше заң бұзушы атанбау үшін министрлік мынадай кеңес береді:
- ЭЦҚ-ны үшінші тұлғаларға беруге болмайды. Ұйымдарда құжаттарға қол қоюға жауапты қызметкерлерге жеке ЭСҚ беру керек;
- ЭСҚ-сы бар қызметкерлерді жұмыстан шығару фактілерін қадағалап, олардың ЭСҚ-сын дер кезінде қайтарып алған жөн;
- ЭСҚ жоғалған жағдайда бұрынғысынан бас тарту арқылы дереу қайта шығарып, стандартты парольді күрделілеуіне ауыстыру қажет.
Айта кетейік, электронды цифрлық қолтаңбаны үйден шықпай-ақ алуға болады.