COVID-19: өткеннен сабақ алдық па?
Несін жасырамыз, көптің көкейіне қорқыныш ұялатқан індет іркілді. Күні кеше аурухана кезіп, дәріхана алдында кезекте тұрған күндерді санадан сылып тастадық. Бетперде кию мен санитарлық жұмыстар жайына қалды. Бұқара жасырын той жасап, заңды елемеді. Соның салдарынан коронавирусқа шалдыққандар саны артып, өлім-жітім көбейді. Артынша ағайын болып бір-бірімен қатысуды ұмытты. Мұның барлығы айрықша біздің елде орын алды. Бір жағынан бұл аты жаман індетке немқұрайлы қарағанымыздың айғағы. Және дайын еместігімізді көрсетті.
Жуырда мамандар пандемияның екінші толқыны келе жатқанын айтты. Бұл жолы жұртшылық бұған сенімсіздік таныта ма? Бастапқыдай дәрі-дәрмек тапшылығы орын ала ма? Баға мәселесі ше? Ал бұған жауаптылар не дейді?
Жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық жұмыстары туралы кеңес өткізгені есте болар. Сонда Мемлекет басшысы ауруды ауыздықтаудың түйінін тарқатуға тоқталған.
– Пандемияның екінші толқыны жағдайында негізгі соққыны өзіне қабылдайтын дәрігерлер. Олар біздің басты ресурсымыз болып табылады. Медицина қызметкерлерін қолдау қажеттілігі ешкімде күмән тудырмайды. Менің тапсырмам бойынша екінші жартыжылдықта төлемдерге 150 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Алайда, үстемақылар мен сақтандыру төлемдерін алуда бюрократиялық кедергілер әлі де бар. Жергілікті жерлерде үстемақылар бойынша сандармен ойындар жалғасуда, оларды бөлуде әлі ашықтық жоқ. Бұл жол берілмейтін жағдай. Сонымен қатар бас дәрігерлер жұмыс уақытының есебін дәрігерлердің пайдасына шешпеуге тырысып жатыр. Пандемия кезеңінде 2020 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 182 медицина қызметкері коронавирустан қайтыс болды. Қазір бұл істерді түрлі комиссиялар қарап жатыр.
Жәрдемақы тек 37 отбасына төленді. Бұл мүлдем қолайсыз жағдай. Осыған байланысты Үкіметке осы мәселе бойынша егжей-тегжейлі тергеу жүргізбей, қаза тапқан дәрігерлердің отбасыларына барлық тиісті жәрдемақыларды төлеу тапсырылады. Қызмет атқару кезінде медицина қызметкерлері ауруының барлық расталған жағдайлары бойынша төлем сөзсіз қысқа мерзімде жүзеге асырылуы тиіс. Коронавируспен күрес үшін үстемеақылар бөлігінде әкімшілендіру әкімдіктер желісі бойынша жүргізілуде, сондықтан өңірлер әкімдеріне бұл мәселені жеке бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы көптеген мәселелердің басын аша келе қауіпсіздік шараларын күшейтуді баса айтты. Ал дәрі-дәрмек қорының жайы не болмақ?
Бүгінде індетке қарсы дәрі-дәрмек қоры жинақталуда. Бұрындары емдік затты шет аймақтарға тарату әуехабы бойынша 2 апта уақыт алатын болса, бұл жағы шешімін тапты. Елдің қай бұрышында болмасын қоймадағы тиісті дәрі-дәрмекті бір күнде жеткізуге мүмкіндік бар. Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы қоймада 4 миллиард теңгенің дәрісі сақталған. Оның ішінде 400 миллион теңгенің препараты коронавирус індетіне арналған.
Аталмыш мекеменің берген ақпаратына сүйенер болсақ, қазіргі таңда 8,2 миллиард теңгені құрайтын коронавирусқа арналған 44 түрлі дәрі сатып алынған. Министрлік пен коронавирус індетінің алдын алуға жауапты мекемелер сәт сайын ауруға қатысты соңғы жаңалықты жұрт назарына ұсынуда. Індет елге алғаш келген сәтте мемлекеттің оған толық дайын еместігіне көз жетті. Аудандағы жағдай күрт өзгеріп, халықтың ахуалы төмендеді. Анығында соның салдарынан талай жан келместің кемесінен орын тапты. Бұл жолы бұрыңғы кеткен олқылықтар қайталана ма? Екінші толқынға аудан медицинасының дайындығы қалай?
Бүгінде аудан көлемінде карантин талаптары күшейтіліп, рейдтік жұмыс басталып кетті. Тіпті коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу бағытындағы мобильдік топ құрылып, қарқынды жұмыс жасауда. Жуырда аудан әкімінің орынбасары Әліби Әбиевтің төрағалығымен аталған топтың отырысы болып өткені есте шығар. Сонда алдағы күндері карантиндік талаптарға бағынбаған жеке және заңды тұлғаларға тәртіптік шаралар күшейтіледі. Арнайы бөлімдерге жекелеген тапсырма беріліп, түрлі бағыттағы карантиндік шаралардың орындалуы басты назарда болады.
Өткенге көз жүгіртсек, биылғы жылдың 10 сәуірінде Covid-19 індетін жұқтырған бірінші науқас тіркелді. Содан бері көптеген қиын жағдайлар орын алып, біраз жан ауруға шалдығып, кейбірі өлім құшты. Соңғы қолға түскен деректерді сөйлетсек жерлестер арасында 24 адам жұқтырып, оның 20-ы айығып шыққан.
Жақында ауданаралық аурухананың 2-ші ғимаратында инфекция нақтыланған науқастарды емдеуге арналған 150 төсек орны жасақталды. Сондай-ақ аудан әкімі Мұрат Ергешбаев оттегі станциясын назарға алып, құрылысына қаржы бөлініп, салынуы жоспарға ілінді. Оның үстіне медицина мамандарына күн сайын жұмысқа кірісу алдында қызметтік міндеттерін түсіндіру күн тәртібіне қатаң қойылғаны тағы бар.
Мұнан бөлек қолға тиген мәліметтерге сенсек, инфекцияның екінші толқынының алдын алу мақсатында аурухананың қабылдау бөлімі мен жедел жәрдем бөлімшесінде, жұқпалы аурулар бөлімінде, емханаларда оқу-жаттығу сабақтары, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Осыған дейін коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу бағытында шұғыл іс-шара жоспары жасалған. Қазірде Covid-19 инфекциясының қауіпсіздігіне арналған аудан көлемінде 4 акция, 31 семинар өтіп, 56 125 буклет шығарылып, 18 200 үнпарақша таратылған. Аудандағы инфекцияға қатысты өтіп жатқан әлеуметтік желіден 8 іс-шара жарияланды. Онлайн және әлеуметтік желілер арқылы халыққа түсінік жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Медицина қызметкерлері жеке қорғаныш киімдерімен және арнайы залалсыздандыру ерітінділерімен қамтылған.
Жақында аудан әкімдігінің баспасөз орталығында Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында көрсетілген міндеттерге сәйкес, «Covid-2019»`пандемиясының алдын алу бағытында атқарған жұмыстар, медициналық-демографиялық ахуал, тұрғындардың сырқаттанушылық деңгейі, жедел және шұғыл медициналық көмек көрсету мәселелері туралы Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бақытгүл Әлішева мен Қазалы аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау басқармасының басшысы Гүлсім Имандосова брифинг өткізген болатын. Газет тілшілері шараға арнайы қатысып, бірінші толқыннан кеткен қателіктерді еске салып, өткен жолы кеткен олқылықты назарға алып, көкейде жүрген сауалдарды төтесінен алға тартты.
Сонда Гүлсім Имандосова аудандағы эпидемиологиялық ахуал мен коронавирус инфекциясының алдын алу талаптарының сақталуы туралы айтып берді. Мәлімдеуінше, қазірде аудан бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақталған. Коронавирус диагнозымен соңғы науқас тамыз айының 5 күнінде тіркелген.
– Мобильдік топтармен қарқынды жұмыстар жүргізілуіне қарамастан аудан көлемінде әлі де үйлену, ұзату тойлары, құдалық, туған күн сынды рәсімдерді атап өту тоқтамай тұр. Сонымен қатар әр кәсіптік сала бойынша да тиісті атқарылатын коронавирус инфекциясының қаупсіздік шараларын қатаң сақтауды да өз дәрежесінде орындау қажет екенін айта отырып, барлық тұрғындардың маскалық режимді орындап, әлеуметтік арақашықтықты бұзбай, қолдың және жеке бас гигенасы тазалығын сақтаудың маңызы бар екенін айтқым келеді, – деді Гүлсім Имандосова.
Сондай-ақ оның айтуынша, аудандық ішкі істер бөлімі мен мобильді топтардың рейдтік іс-шарасы нәтижесінде барлығы 142 карантин талаптарын бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 122-і ішкі істер бөлімінен жолданған дәлелдеме негізінде, 20-сы мобильді топтың рейдтік жұмыс жүргізу барысында анықталған. Соған сәйкес 89 айыппұл бұқаралық басқосу өткізгендерге, 49 айыппұл кәсіпкерлік нысандарда бетпердесіз қызмет жасаған тұлғаға, 4 айыппұл белгіленген уақыттан артық жұмыс жасаған кәсіпкерлерге салынған. Соңғы кезде анықталған 11 іс бойынша хаттама толтырып, қарауға алынып отыр.
Басқарма мамандары тарапынан халыққа түсіндірме жүргізіліп, 317 нысанға санитариялық ағарту жұмысы жасалған. Індеттің алдын алу мақсатында 1560 парақша таратылып, 98 дәріс мен 114 радиолекция оқылып, әлеуметтік желі бетіне 557 ақпарат таратылған.
Мұнан бөлек Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бақытгүл Әлішева аудан бойынша бүгінде коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық және алдағы уақытта атқарылатын іс шараларға тоқталды.
– Инфекцияның екінші толқынына дайындық барысында аурухананың қабылдау бөлімі, жедел жәрдем бөлімшесі, жұқпалы аурулар бөлімі мен емханаларда оқу-жаттығу сабақтары тұрақты жүргізіліп отыр. Шұғыл іс-шара жоспары жасалып, қазіргі таңда Covid-19 инфекциясының алдын алу бойынша нақты қадамдар жүргізілу үстінде. Онлайн және әлеуметтік желілер арқылы халыққа түсіндірме беріліп, медицина қызметкерлері жеке қорғаныш киімдерімен және арнайы залалсыздандыру ерітінділерімен қамтылған – деді ол.
Бас дәрігердің берген ақпаратына сенсек, ауданда 9 айдың нәтижесі бойынша 99 адам тіркелген. 95 науқас жазылып шығып, 4 адам қайтыс болған. Мұнан бөлек, пневмониямен 325 науқас тіркеліп, 297 адам аурудан айығып шыққан. Ал 28 науқас пневмониядан көз жұмған.
Осы ретте індетке тойтарыс беріп, күні-түні алысқан ақ халаттылардың еңбегін бесенеден белгілі. Өзгенің өмірі үшін басын қатерге тіккен қызметкерлерде болды сол арада. Сондай 18 медицина қызметкері ауруға шалдығып, екеуі қайтыс болған. Бұл ерлік емей, немене.
Елдегі екінші кезеңге дайындықты шолып шықтық. Әлеуметтік желіде берілген ақпараттар қаншама. Аудандағы ахуал да түсінікті. Десек те аты жаман індеттің екінші толқыны қай бүйірден соғатыны беймәлім. Сондықтан салғырттық танытып, ес жия алмай, өткен жолғы жағдай орын алмауын қадағалау қажет секілді. Тіпті ә дегеннен барлық жұмыстарды күшейтіп, халықтың амандығын басты назарда ұстау керек. Өйткені алдыңғысынша адам шығыны қайта күшейіп, ел ішінде дүрбелең туатын болса, оның арты жақсылыққа жетелемесі анық. Халықтың амандығы басты назарда болып, уақытша қиындықты көп болып еңсерсек, нұр үстіне нұр болмақ. Өткеннен сабақ алып, қайта орын алуына жол бермесек игі еді.
Абзал ЖОЛТЕРЕК