Көмір жеткізу көңіл көншіте ме?
Осыдан бір-екі жыл бұрын көмір алу үшін ұзынсонар кезекке тұрып, жолы болғандардың ғана қолы жететін. Таң атқаннан бала-шағаны тоңдырмауға қарекет жасап жүргендердің кейбірі алдын орап кеткен әлдекімдерге өкпелеп, жанжал да шығып жататын. Бүгінгі таңда бұл мәселе оңтайлы шешімін тапқан сияқты. Бұл жайтқа Елбасы да ерекше мән беріп, Үкіметке теміржол тұйықтарында тасымалдаушылар тарапынан бағаның негізсіз өсірілуіне жол бермеуді бақылауға алуды тапсырған.
Бүгінгі таңда Қазалы ауданында қыстық отын төрт жерде сатылуда. Бұл кәсіппен айналысушылар қатты отынды ЖК “Н.Тұрсынмұратов” пен «Тоғыс – Арал отын», «Қазалы Отын», «Қазалы Тұлпары» серіктестіктерінің теміржол тұйықтарына жеткізіп, тұрғындарға өткізуде. Аталған орындарда көмір сатумен “Тоғыс – Арал отын” ЖШС, “Максвел холдинг” ЖШС, ЖК “Жалмағамбетова”, ЖК “Б.Бекбауылов” секілді кәсіпкерлер тұрақты түрде айналысуда.
– Биылғы қыс маусымында аудан тұрғындары үшін 40 000 тонна көмір қажеттілігі жоспарланған болатын. Қазіргі күнге дейін Қазалыға 33 320 тонна (476 вагон) қатты отын жеткізіліп, таратылуда. Көмір қоймаларында 1200 тоннадан астам көмір тұр. Тас көмірдің тоннасы 12 500, ағаш көмір 16500-17000 теңгеден еркін саудалануда. Тұрғындар арасында қара отынның жетіспеушілігі байқалмайды. Қажеттілік туындаған жағдайда тағы да қосымша жеткізілетін болады, – дейді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің маманы Жасәділ Ешепетов.
Көмір тапшылығының жоқтығы бізді қуантқанымен, оның бағасы көңіл көншітпеді. Мәселен азаматтар бағасы арзан тас көмірді сатып алды делік. Бұдан кейін отынды үйіне дейін жеткізу үшін көлік жалдайды. Оған кем дегенде 5-10 мың теңге кетеді. Егер бір отбасыға қыстан шығу үшін 5 тонна көмір қажет болса, оған тасымалдау шығынын қосқанда, шамамен 70 мың теңге жұмсалады. Бұл қаржыны кез келген тұрғынның қалтасы көтере ме? Ал, бұл жерде ағаш көмір туралы айта қалсақ төленетін ақша көлемі арта түседі. Алайда тұрғындар қыстың қақаған суығынан қорғануға қалтасындағы соңғы тиынына дейін шығарып, оны алуға мәжбүр.
– Үйге жыл сайын кем дегенде бес тонна тас көмір жағып шығамыз. Қыс аязды бола қалса оған тағы қосымша отын сатып аламыз. Биыл да айтылған мөлшерде қатты отын түсірдім. Ауыл аудан орталығынан 55 шақырым қашықтықта орналасқандықтан көлікпен тасымалдау жағы қиындық тудырады. Былтыр автокөлік жүргізушісінің қолына 12 мың теңгені санап бердім. Одан бөлек, қазіргі кезде машинамен аралап қаптап көмір сатушылар шықты. Тонналап қатты отын алуға мүмкіндігі жетпегендер амалсыздан осы көліктен түсіріп алып жатады, – дейді Бекарыстан би ауылының тұрғыны Мырзабек Баймағамбетов.
Бұл ретте автокөлік жүргізушілерінің де айтар уәжі жеткілікті. Олармен пікірлесу үстінде жанар-жағар май мен қосалқы бөлшектің қымбаттығын алға тартты. Сөйтіп төлейтін салығын қосқанда қолда аз-маз ғана ақша қалады. Оның өзінде автокөлік жүргізушілеріне ауылдастары сұрағанын ұстата қоймайды. “Бар-жоғы осынша қаржым бар еді, аудан орталығынан алатын көмірімді жеткізуге көмектесші” дегенде біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы деп көңілжықпастықпен жеткізіп береді екен. Мұндай тапсырыстар жиі бола бермейтін көрінеді. Осы орайда жүргізушілерді көлік ақысын негізсіз өсіріп отыр деп кінәлау орынсыз сияқты.
Айта кетсек, аудан орталығы тұрғындарының біразы күн суытқанда бұл мәселеге көп бас қатыра бермейді. Себебі тиісті орындардың мәліметі бойынша бүгінгі күні Әйтеке би кентіндегі 6132 үй, яғни, аудан орталығының 75 проценті табиғи газбен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ 152 мекеме де газ құбырына қосылған. Келешекте Қазалы қаласы мен Ғ.Мұратбаев ауылының тұрғындары да оның игілігін көретін болады.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ