Жол картасымен жаңарған мектеп
Биыл Қазалы ауданында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының аясында 3 млрд 11 млн 89 мың теңге бөлініп, 42 жоба іске асырылуда. Соның арқасында тозығы жеткен ғимараттар мен аудандағы, аудан құрамындағы ауылдық округтердегі түйіткілді мәселелер кезегімен шешіліп келеді.
Тұрғындарға өмір сүруге ыңғайлы орта қалыптастыруды көздейтін жоба аясында білім ошақтарының ғимараттарын жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Жол картасының мазмұнында бар 9 жоба осындай балаларға білім беру ұйымдарына арналған. Дәл осы сәтте Әйтеке би кентіндегі №226 гимназия мен Қазалы қаласындағы «Шағала» лагерін қалыпқа келтіру, көнерген бөліктерін жаңарту жұмыстары қызу қарқынмен жүріп жатыр. Дегенмен сұрауы бар қаржының орынды жұмсалуы әрқашан бақылауда болу керек.
Осыған байланысты жақында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев мектеп пен тынығу лагеріндегі құрылыс жұмысының барысымен танысты. Ол мердігер мекемелер мен тиісті бөлім басшыларына мемлекеттің қаржысына жүргізіліп жатқан құрылыстың мерзімінде әрі сапалы аяқталуы керектігін ескертті.
Тарихқа сәл шегініс жасайық. Аудан орталығындағы Б.Мергенбаев атындағы №226 гимназия ғимараты 1967 жылы пансионат болып салынған. 1996 жылы мектеп ретінде бейімделіп берілді. Одан бергі жылдары гимназия республикаға оқушыларының білімдарлығымен, түрлі сайыстарда оқ бойы озық болатындығымен танылды. Алғашқылардың бірі болып “Гимназия гимнін” жарыққа шығарып, жүздеген алтын белгі иелерін түлетті. Алайда киелі білім ошағы бүгінге дейін күрделі жөндеу көрмеген.
«Жол картасы» аясында бөлінген қаржыға «Энергомера» серіктестігі ғимараттың есігі мен терезесін, шатырын, жылу жүйесі мен электр желісін толығымен ауыстырып, өрт дабылы қондырғысын орнатты. Ішкі қабырғаларының сылағы да толық аяқталып, сыртқы қабырғаларын жөндеу жұмыстары мәресіне жетуге жақын.
Ал мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде «Шағала» лагерінің екі жатын ғимараты мен асханасы жөндеуден өтуде. Жақын аралықта құрылысшылар ғимараттардың есік-терезелерін, шатыр жабындысын ауыстырып, сыртқы қабырғаларын қалыпқа келтіреді.
Р.ӘБДІҚАЛЫҚ