Оқушыларға жасалған жақсылық
Бүгінде жұмыр басты пендені әбігерге түсіріп, жүрегіне қорқыныш ұялатқан індеттің іркілгені қуантады. Алайда келесі толқыны қай жақтан келіп соғатыны белгісіз. Оның үстіне кеселдің келтірген залалы да аз емес. Соның салдарынан мектеп оқушыларының қашықтан оқуға көшкені есте. Білім ошағында тек бастауыш сыныптар білім алып, мектептерде вирусқа қарсы сақтық шаралары жүргізілуі қатаң міндеттелгені тағы бар. Десек те айтпағымыз бұл емес.
Жақында «Мектепке жол акциясы» аясында Ж.Жабаев атындағы №234 мектептің бастауыш сынып оқушыларына аудандағы бірнеше кәсіпкер қолдау көрсетіп, білім алуға қажетті құрал-жабдықтарын алып берген. Мұндай қуанышты жаңалықты оқушылардың ұстазы Индира Бабасова жасырып қалмады. Көмек көрсеткен жандарға алғыс білдіруді ұмыт қалдырмай, редакциямызға арнайы ат басын бұрды.
– Елде індеттің таралуы салдарынан мектеп оқушылары онлайн оқуға ауысқалы баршаңызға аян. Тек бастауыш сыныптар мектептен білім алады. Осыған сәйкес менің оқушыларыма қолдау жасап, қажетті құрылығылар алып берген азаматтарға үлкен алғысымды білдіремін. Олардың жұмыста табысты, абыройлы болғанын тілеймін. Әрқашан осылай демеушілік жасап, мерейлері үстем бола берсін, – деді ұстаз.
Нақтысында мектептің 4 «а» бастауыш сыныбында білім алатын үш бірдей оқушыға жеке кәсіпкер Жанат Жұбатырова заман талабына сай үш планшет және модем роутер құрылғыларын табыстаған. Атап айтсақ, Нәби Шапағатулла, Алина Өтесін, Сая Құрманғазы және Саламат Сейілхан иемденді. Мұнан бөлек игі істің басы-қасында болған Жастар ресурстық орталығының директоры Асылхан Дәрібаев жастардың атынан бір оқушыға модем роутер алып берген. Балаларының қуанышты жүзін көрген ата-аналары да жүрек жарды лебіздерін жеткізіп, көмек көрсеткендерге алғысын жаудырды.
– Ең бірінші балалардың ұстазы Индира Бабасоваға рақметімді айтамын. Қызым алғаш мектеп табалдырығын аттағаннан өз қамқорлығына алып, әрқашан демеп келеді. Бүгінге дейін талай рет балалар үшін жүгіріп, мектеп формасын алуымызға да көмегін тигізді. Одан бөлек мектеп директоры мен демеушілік жасаған кәсіпкер азаматқа және Жастар ресурстық орталығына шексіз алғысымды білдіремін, – деді көпбалалы ана Майра Берекет.
Шындығында ауданда қайырымдылыққа жаны жақын жандардың бары көңілге қуаныш ұялатады. Балалардың жүзіне риясыз күлкі сыйлап, көптің алғысын арқалағандарға жұртшылық дән риза.
Абзал ЖОЛТЕРЕК