Егіске су жеткізу басты назарда
Биыл Сырдария өзенінде қалыптасып отырған су тапшылығы жағдайы облыс көлемінде егісті сумен қамтамасыз ету мәселесін күрделендіре түсуде. Бүгін аталған жағдайдың маңыздылығына байланысты облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов ауданымызға арнайы сапармен келіп, орын алып отырған жағдайға байланысты мән-жайды өз көзімен көріп шықты.
Басықара су торабының басында тиісті сала мамандары мен шаруашылық басшыларымен кездескен Бахыт Дүйсенұлы аймақтағы су тапшылығы мәселесін жан-жақты талқылады. Кездесуде аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ауданда қалыптасып отырған нақты жағдайды баяндап, шешу жолдары қарастырылды.
Өз кезегінде Бахыт Дүйсенұлы облыс бойынша су шаруашылығы жағдайының күрделілігін және қабылданып отырған шаралар туралы баяндап, аса жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертті.
Айта кету қажет, су тапшылығы орын алуына байланысты, бүгінгі таңда облысқа келіп жатқан су көлемін реттеп, Қазалы ауданының қажеттілігін дария суын Қараөзек арнасы арқылы жіберіп және Қараөзек бойындағы «Картонкомбинат» су тоспасында жиналған суды төменге тастау арқылы қамтамасыз ету жөнінде бұған дейін шешім қабылданған болатын.
Алайда, шаруашылық басшылары бұл шешімнің нәтижесі әлі де байқалмауына байланысты, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жахановқа қосымша шаралар қабылдап, шұғыл әрекет ете отырып, дарияға келіп жатқан судың дұрыс реттелуін қатаң бақылауға алу жөнінде ұсыныстарын білдірді.
Бұдан соң, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов аудан әкімі Мұрат Ергешбаевпен бірге су тапшылығын көріп отырған бірқатар шаруашылықтың егіс алқабын аралап шықты.
"Қазалы" ақпарат