Облыс әкімінің орынбасары ауданда болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соғыс жағдайымен бірдей сәтте демалуға уақыт жоқтығын, уақытпен санаспай жұмыс істеу керектігін айтқаны есімізде. Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жахановтың Қазалыға жексенбі күні келуі жауапты сәтте ешкім қарап жатпағанын аңғартса керек. Ол ең алдымен аудандық теміржол ауруханасына бас сұқты. Нысанның материалдық базасымен танысты. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Қазалы теміржол ауруханасы жанындағы бұрынғы аудандық перзентхана ғимаратын індетке шалдыққан тұрғындар саны көбейген жағдайда қосымша 100 орындық провизорлық стационар етіп ашуға болатынын жеткізді.
Қазіргі таңда дәрігерлердің ерен еңбегіне, батылдығына жұрт мұқтаж. Солардың тынымсыз тірлігінің арқасында қаншама адам аурудан айығып, отбасына оралды. Осыны ескерген облыс әкімінің орынбасары ақхалаттыларға алғыс айтып, індетке қарсы шараларды одан әрі күшейтуге шақырды. Бұдан бөлек дәрілік заттардың жетіспеушілігін болдырмау, емделушілерді дұрыс тамақтандыру сияқты мәселелер сөз болды.
Аталған провизорлық стационардың тағы біреуін Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің жанынан да ашуға болады. Бақыт Дүйсенұлы ауданға сапары барысында оқу орнына ат басын бұрып, ғимараттың жай-күйімен танысты. Колледж директоры Темірбек Исмайлов 35 орындық жатақханада барлық санитарлық талаптар сақталып, науқастар үшін қажетті жағдай жасалатынын жеткізді.
Сонымен қатар көпшілік көкейінде жүрген жергілікті дәріханалардағы дәрілер қоры да назардан тыс қалмады. Облыстан келген өкіл Әйтеке би кентіндегі «Nur-Med.кz» медициналық орталығында болып, дәрі-дәрмектің жеткізілу жағдайын сұрады. Бұған дәріханадағы фармацевт мамандар қазіргі таңда сұранысқа ие дәрілер мен антибиотиктер қолжетімді бағада сатылып жатқандығын жеткізді. Ал сөреде жоқ препараттарға тапсырыс берілгенін, жақын күндері қолға тиетінін айтты.
Мұндағы медицина саласындағы мәселелерді біржақты еткен соң облыс әкімінің орынбасары Қазалы қаласындағы «Қазалы ояз бағы» шаруа қожалығының «Аквакультура жағдайында бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру» жобасының аяқ алысын байқады. Шаруашылықтың басында жүрген Болатбек Бақбергеновтың сөзіне сенсек, алдағы уақытта аумағы 70 гектар болатын тоғанға бекіре тұқымдас балықтардың шабағы жіберілетін болады. Қазіргі таңда тоғанда 500-ге жуық қаз өсірілуде.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ