Ажарлы нысан – аудан айнасы
Сәрсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов Қазалы ауданына жұмыс сапарымен келді. Сонымен бірге, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы тағы басқа да бірқатар басқармалардың басшылары бірге болды.
С.Сүлейменов ең алдымен Әйтеке би кентіндегі 5 кварталдан салынатын 18 пәтерлік 6 жалдамалы көп қабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңында болды және «Қазалы-Керуен» серіктестігі көлік, сауда логистикалық орталығының жай-күйімен танысты. Қыс-көктем мезгілдеріндегі су тасқыны салдарынан болатын табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Сырдария өзенінің бойындағы қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру және нығайту дайындығы барысын пысықтады.
Бұдан соң Абай елді мекені жанындағы қалқымалы көпірге баратын жол мен өткелге жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының барысын бақылады. Аудандағы әлеуметтік нысандар мен түрғын үйлердің жылу беру маусымына әзірлігін қадағалап, көмір қоймаларындағы қатты отынның қоры мен сатылу бағасынан хабардар болды. Сонымен бірге, Счастнов көшесіндегі 13 көп қабатты тұрғын үйдің сыртын әрлеу, абаттандыру барысын жағалап көрді. Айта кетейік, аталған аумаққа мердігер «ГазСтрой» ЖШС жылу жүйелерін өз қаражаттары арқылы жүргізді.
Сапар барысында аудан көлеміндегі әлеуметтік саладағы атқарылған жұмыстармен танысқан облыс әкімінің орынбасары алға қойылған мақсат-міндеттердің жүзеге асырылу барысына оң бағасын берді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА