Балабақша құрылысы басталды
1837 жылы неміс педагогы Фребель әкелген балабақша ұғымы бүгінде көптеген елде үлкен сұранысқа ие. Бұл да мектепке дейінгі бала тәрбиесіне, бүлдіршіннің мінез-құлқының дұрыс қалыптасуына өз ықпалын тигізетіні сөзсіз. Сондықтан елде білім беру мекемелерін, әсіресе, балабақша нысандарын қайта тұрғызу, жаңа ғимараттар салу арқылы онда тіркелген бүлдіршіндер кезегін қысқартуға ден қойылып отыр. Осы жылы Майлыбас ауылдық округіне қарасты Ақсуат ауылында да 90 орындық балабақша құрылысы басталды.
Қазіргі таңда аудан бойынша жеке және мемлекеттік балабақшалардың саны 30-ға жуықтады. Оның ішінде техникалық жағдайы сын көтермейтін тәрбие орындары бар. Мәселен, Ақсуат ауылындағы №9 “Балауса” бөбекжай-балабақшасы 2012 жылы «KZ Строй Эксперт» серіктестігінің сараптама қорытындысы бойынша апат алдында тұрған нысан ретінде танылып, аудан әкімі Мұрат Ергешбаев пен облыстық мәслихат депутаты Мінажадин Өттевтің ұсынысы негізінде облыстық бюджеттен 147 миллион теңге қаржы қаралған. Бұдан кейін «СырЖоба» серіктестігі дайындаған балабақшаның сметалық құжаттары мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысына ие болды. Сәйкесінше мемлекеттік сатып алу нәтижесінде «Орион ЛТД» ЖШС жеңімпаз атанып, ағымдағы жылдың маусым айында құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Ал жобаның нақты құны 391 миллион теңгеге бағаланып отыр.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы бойынша бой көтерген екі қабатты балабақша ғимаратының әуелгі жұмыстары аяқталып, қазіргі таңда іргетасы қаланды. Онда мердігер компанияның оннан аса маманы жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ қосымша Ақсуат ауылының 5 тұрғыны құрылыс жұмыстарына тартылған. Компания басшылығы күн райының салқын мезгілінде де істі тоқтатпай, белгіленген уақытта тапсыруға тырысатындарын жеткізді. Сонымен қатар құрылыс кідіріп қалмас үшін серіктестік қаражаты есебінен жұмысты жалғастыра беруге дайын екендіктерін айтты.
Тоқсан орындық балабақшаның сметалық құжатын даярлауға өз үлестерін қосқан Майлыбас ауылдық округі аппаратының қызметкерлері құрылыс аяқталса көптен көкейде жүрген мәселе түбегейлі шешілетінін айтады.
– Қазіргі таңда ауылда 1-5 жас аралығындағы 101 бала бар. “Балауса” балабақшасында тәрбиеленетін 45 баланың 16-сы үш жасқа дейінгі топтағы өскіндер болса, тағы 29-ы 3-5 жасқа дейінгі топта тәрбиеленеді. Бұдан бөлек, 11 бала тәрбие мекемесінде кезекте тұр. Келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отырған нысанның құрылыс жұмыстары ойдағыдай аяқталса, ауыл балаларын балабақшамен толық қамту мүмкіндігіне ие боламыз. Әзірше ауылдың кішкентай тұрғындары көне ғимараттағы балабақшаға бара береді, – дейді ауыл әкімі Қаныш Жұбатқан.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ