Туған күніңмен Нұрсұлтан!
Кеше арқа төсіндегі сәулетті келбеті көз сүйсіндірген ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне орай Р.Бағланова атындағы орталық мәдениет үйінде «Еңселі Елорда» тақырыбында кеш өтті.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ерен еңбек пен ынтымақ-бірліктің нәтижесінде әлем елдерінің астаналарымен салтанат жарастырып, көркімен де, көлемімен де бой таластыра алатын қазақ жұртының бас қаласының тарихы мен бүгінгі жетістігіне тоқтала келе, жиналғандарға мерекелік лебізін арнады.
«Жиырма бір жыл уақыт ішінде Нұр-Сұлтан қаласының келбеті ерекше түрленіп, ажарлана түсті. Бүгінде бас қала – әлем елдерінің назарын аударған, талайдың таңдайын қақтырып, тамсандырған әсем шаһарға айналды. Бас қаламыздың көркін арттырған сәулет өнерінің озық үлгілері «Ақорда», «Астана триумфы», «Пирамида», «Бәйтерек», «Хан Шатыр», «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік ел» аркасы осы сөзіміздің дәлелі болып табылады.
Елорда – тәуелсіздігіміз бен мемлекеттілігіміздің символы, ұлт болып ұйысуымыздың, жұрт болып жарасуымыздың белгісі. Жаңа астана арқылы қазақ жерінің тұтастығы сақталды, қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Сеңді бұзып, ұлы көшті бастаған астана қазақтың бұйығы тірлігіне жан бітірді, санасын сілкіндіріп, жүрегіне сенім ұялатты. Жаңа астанамен бірге Сарыарқа төсі – қазаққа, қазақ шын мәнінде қалалық халыққа айналды. Сондықтан, астананың тағдыры – қазақтың тағдыры, астананың мәртебесі – қазақтың мерейі, астананың табысы – қазақтың жеңісі. Бүгінде әлемге әйгілі болған Елорда арқылы қазақтың да абыройы асқақтап отыр»,
– деген аудан басшысы жиналған қауымға зор денсаулық, әр отбасыға амандық тіледі.
Салтанатты шарада ауданның бірқатар азаматтары облыс және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Әсем ән, әуезді жырмен өрімделген мерекелік кеште Гүлназ Нағашыбайқызы «Астана вальсі», Дастан Пірімбаев «Город мой», Қайрат Ілиясов «Трава у дома», Сымбат Бұзаубаева «Астана», Айсауле Қияс «Сайра, бұлбұлым», «Қыздар» триосы «Стамбұл – Алматы», Батырхан Ұзақбаев «Здравствуй, столица» әндерін, Ақылжан Жақайым «Кел билейік» композициясын жеке саксафонда орындап, «Ақжелең» бишілер тобы «Хоррезм» биімен көптің қошеметіне бөленді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА