Нұр-Сұлтан қаласына жаңа әкім тағайындалды
Бұған дейін елорданы Бақыт Сұлтанов басқарған еді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып Алтай Көлгінов тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.
"Алтай Сейдірұлы Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалсын", - делінген президенттің жарлығында.
Алтай Көлгінов бұған дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі болды. Ал елорданы осы уақытқа дейін Бақыт Сұлтанов басқарған еді. Ол Астана әкімі болып (қазіргі Нұр-Сұлтан) 2018 жылдың 11 қыркүйегінде тағайындалған болатын.
Алтай Көлгінов 1978 жылы 15 қаңтарда Түркістанда туған. А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін, ҚР президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын, "Болашақ" бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Абердин университетін тәмамдаған. Мамандығы – заңгер.
Еңбек өтілі
2000 жылы әскерде борышын өтеген;
2001-2008 жылдары әділет министрлігі, мемлекеттік қызмет істері агенттігі және бас прокуратура органдарында түрлі лауазымда қызмет атқарды;
2003-2007 жылдары – мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша басқарма басшысының орынбасары;
2007-2008 жылдары – әділет министрлігі заң актілерін жасақтау және талдау басқармасының басшысы;
2008-2010 жылдары – "АлашМедиаГрупп" компаниясы бас директорының орынбасары;
2010-2012 жылдары – Қазақстан президенті әкімшілігі аймақтық-ұйымдастыру және мемлекеттік бақылау жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы;
2012-2013 жылдары – Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары;
2013-2016 жылдары – Орал қаласының әкімі;
2016 жылдың 26 наурызынан осы күнге дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі болды.
Отбасылық жағдайы
Үйленген, 3 баласы бар.